Бүгін Астанада ұлы жазушы, драматург және ғалым Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысып, Президенттің құттықтау хатын оқып берді. Мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасаған сәулет өнерінің туындысы елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының алдында орнатылды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Мұхтар Әуезов – ұлт руханиятында айрықша орны бар ұлы жазушы. Ол шығармаларында халқымыздың бітім-болмысы мен тыныс-тіршілігін шебер суреттеді. Қаламгердің теңдессіз туындыларынан ана тіліміздің байлығы мен төл өркениетіміздің тереңдігі айқын көрінеді. Шын мәнінде, жұртымыздың жан дүниесін білгісі келген адам ең алдымен Әуезовті оқуы керек.
Сонымен қатар іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жазушылар, мәдениет саласының қайраткерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары және Мұхтар Әуезовтің туыстары қатысты.
Зифа-Алуа Әуезова, Мұхтар Әуезовтің немересі:
Бүгін ерекше салтанат болып жатыр. Өйткені бүгін Қазақстанның астанасында, Мұхтар Әуезовтың тамаша осындай ескерткіші ашылып отыр.
Төлен Әбдік, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
Бүгінгі орнатқан мына ескерткіш жай ескерткіш емес. Бізден кейін де талай ұрпақ келеді өмірге. Сонда осы ескерткіштерге қарап отырып қалыптасады. Олардың көңілінде, жанында тек қана бір жақсылықтың, ізгіліктің ғана символы болып қалатынына дау жоқ. Сондықтан мен өзім жазушы ретінде бүгінгі мынандай ұлы жазушының ескерткішінің ашылуына келіп отырғанына өте қуаныштымын.
Темірлан Нұрсолтанов