ШҚО-да Мұхтар Әуезовке ескерткіш орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да Мұхтар Әуезовке ескерткіш орнатылды

10.10.2017

Шығыс Қазақстандағы Жарма ауданына қарасты Әуезов кентінде заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовке ескерткіш орнатылды. Сәулет нысаны бой көтерген бұл елді мекен 1967 жылдан бері қаламгердің есімімен аталады. Араға жарты ғасыр салып мұнда ғалымға еңселі ескерткіш тұрғызылды. Оның жасалуына өңірден шыққан іскер азаматтар 7 млн. теңге қаржы бөлген. «Осындай игі қадам арқылы өлкенің көркеюіне атсалысып, тарихи тұлғаның есімін дәріптегіміз келді», - дейді кәсіпкерлер. Ел мен жерге деген патриоттық сезімнің туған  жерге деген сүйіспеншіліктен басталатындығы туралы Елбасы мақаласында да кеңінен айтылған. Сондықтан, биіктігі 5 метр болатын еңселі ескерткіш жазушы есімін асқақтатып, шығармаларының рухани қуатын аңғартып тұрары сөзсіз.  

Оразхан Қалиев, кәсіпкер:

- Өте қуаныштымыз. Жастар бізге қарап үлгі алсын деп, туған жерім гүлденсін деп қосып жатқан үлесім.

Арап Еспенбетов, филология ғылымдарының докторы:

- Елдің жаңғыруы, жердің жаңғыруы, тұлғалардың жаңғыруы бүгін нақты көрінісін тауып отыр. Айтпағымыз, осындай елдің рухын көтеретін ескерткіштер көп болса екен. Ол жас ұрпақты тәрбиелеуге қызмет жасаса екен. 

 

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу