Қайырымдылық мақсатында елден ақша жинайтындар тексеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайырымдылық мақсатында елден ақша жинайтындар тексеріледі

27.09.2024

Алматыда қоғамдық көліктерде, адам көп жиналатын орындарда қайырымдылық мақсатында халықтан ақша сұрайтындар көбейіп жатыр. Олардың дені – жасөспірімдер. Ал тұрғындар жылу жинайтындар арасында алаяқтар кездесуі мүмкін деп күдіктенеді. Осы ретте құзырлы орган өкілдері қайырымдылық бағытындағы ұйымдарды тексермек. Қарапайым халықтан ақша жинайтындар кімдер? Оларды қадағалау үшін қандай жұмыстар атқарылмақ?

Айсұлудың ұлы Әлихан сал ауруының ауыр түріне шалдыққан. Ол мемлекеттен берілетін жәрдемақы баламның еміне толық жетпейді, еріктілердің жәрдеміне мұқтажбын, - дейді. Төрт жыл ішінде, қайырымдылық қорынан 6 млн теңгеге жуық көмек алған.

Айсұлу Қалкенова, Әлиханның анасы:

Неге біз де сұрамасқа? Балам үшін бәрін істеймін. Үкіметтің 140 мың көмегі ЛФК деген бар, соған ғана жетеді. Баланы да, ананы да бірге қамтамасыз ету керек.

Күннің ыстығы мен суығына қарамастан, жомарт жандардан көмек сұрап жүрген еріктілер, халықтан жиналған ақшаны бірден мұқтаж жандарға аударамыз, деп отыр.

Жанболат Орынбасаров, «Халықаралық дүние руханият» қоғамдық қорының жетекшісі:

Бір балаға бір аптада жинаймыз. Біреуіне бір ай, кейбіреулеріне үш төрт апта жинаймыз. Барлық волонтерге келісімшарт жасаймыз. Көрінген біреу алып кете алмайды.

Қазір жақсылық жасап, мұқтаждарға қол ұшын созыңдар деп халықты үгіттейтін ұйымдар мен қорлар жетерлік. Олардың қызметін бір ретке келтіру бағытында шаралар қабылданбақшы.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

Осы бағытта да үлкен жұмыс жүргізілуде. Яғни, қайырымдылық қорларларды бір базаға енгізу ақпарат жүйесі енгізіліп жатыр. Нәтижесі алдағы уақытта болады деген ойдамыз.

Ал бұл мәселені Ішкі істер министрлігі де назарына алды. Өйткені, халық тарапынан шағым көп. Енді қайырымдылыққа жылу жинайтындардың кім екені, олардың түпкі мақсаты тексеріледі.


Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу