«Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа маусымдағы жобаларының тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа маусымдағы жобаларының тұсаукесері өтті

26.09.2024

28 жаңа бағдарлама. 150 бөлімнен тұратын 11 жаңа телехикая мен деректі фильмдер. Қымбатты көрермен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі жаңа маусымда өздеріңізге осындай телеөнім ұсынады. Бүгін сол жобалардың тұсаукесері өтті. Сонымен «Qazaqstan», «Balapan», «Qazsport», «Abai» телеарналарынан қандай жобалар қалың көрерменге жол тартады. 

Ұлттық құндылықты ту еткен Ұлттық арнаның жаңа маусымдағы жаңа жобасының бірі «Жақсылық жаса» хабары. Бағдарламада жақсылық жасауды өмірлік қағидасына айналдырған қарапайым жандар дәріптеледі. Көрем десеңіз жұма күні 21:00-де Ұлттық арнаны қосыңыз.

Серік Негимов, ҚР Еңбек сіңірген қайреткері:

Ұлттық арна заман талабына жауап беретін, болашағы кемел, өсу үстінде. 

Телевизиялық тревел-шоу форматындағы «Атамекен» атты жаңа жоба да эфирге шықты. Түсірілім тобы жаз бойы елдімекендер мен өндіріс ошақтарын аралады. Жоба арқылы өңірлердің ерекшеліктері мен еңбек адамдарының бейнесі және аймақтардың тыныс-тіршілігі көрсетіліп жатыр.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы тамырлы тарихымызды телехикаялар арқылы түгендеп келеді.

Еркін Мұхамеджанов, «Abai» телеарнасының директоры:

Біздің негізгі бағытымыз - қоғамның санасына, танымына әсер ету. Сондықтан бұған дейін келе жатқан негізгі  «Сана», «Сарасөз» секілді үлкен жобаларымыз жалғаса береді. 

«Қазақстан» корпорациясы күзгі маусымда түрлі жанрдағы 28 жаңа бағдарлама, жалпы серияларының саны 150 бөлімді құрайтын 11 жаңа телехикая мен деректі фильмдер сериясын ұсынады.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Өзімізге ерекше ыстық 2 жобаға тоқталып өткім келеді. Біріншісі «Жақсылық жаса» деп аталады. Бұл біз үшін өте маңызды жоба. Себебі қазіргі күні жалпы қоғамда біздің ұлтқа тән, бір-бірімізге мейірімді, қамқор болу деген сияқты қасиеттерді көбірек таратқымыз келеді.

«Жұлдызды жұп» жақында ғана басталса да көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Дәстүрлі аға буын мен заманауи ән өнерінің өкілдері өзара сынға түседі. «Жұлдызды жұпты» көрем десеңіз күні сағат 20:00-де «Қазақстан» арнасын қосыңыз.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа маусымда ұсынған жобалар реті осындай. Ал, төккен тердің төрешісі, төресі де, талқы-таразысы да – өзің қымбатты көрермен.


Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу