Astana Media Week: Медианың әсері және цифрлық үндестік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Astana Media Week: Медианың әсері және цифрлық үндестік

25.09.2024

Елімізде суицидті насихаттаған 157 факті анықталды. Оның ішінде 20-сы әлеуметтік желілерді пайдаланған. Кеселдің алдын алу мақсатында 50-ден астам интернет ресурс бұғатталды. Бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақов «Astana Media Week» апталығында журналистердің сұрағына жауап беру барысында мәлім етті. Астана төрінде  Astana Media Week өтіп жатыр. 

Қазақстан әлемдік ақпараттық алаңда. Биылғы  Astana Media Week-тің алғашқы панелдік сессиясы осылай деп аталды. Кез келген маңызды шара елімізде өткенде журналистер неге басымдық беру керек? Киберқауіпсіздік мәселелері, Ұлттық медианың тұрақтылығы, контентті дамыту сынды тетіктер талқыланып, мамандар тәжірибесімен бөлісті. Мәселен, Маңғыстаудан келген журналист Жадыра Шалабаева бүгін өткен панелдік сессиялардан үйренгенім көп болды дейді.

Жадыра Шалабаева, тілші:  /Маңғыстау облысы/
Мен өзім мысалға әртүрлі ситуациялардағы журналистің суыққанды ұстауына әсер етуге және тез әрі жылдам ақпаратты алып, негізгі тақырыбын берудің бірнеше тақырыбы ұсынылды. Әр журналист өзіне керемет инсайд алды.
Astana Media Week шарасына медианың кез келген мамандары қатыса алады. Олар мемлекеттік, жеке меншік БАҚ-деп бөлінбейді. Мәселен, Шымкентте 3 ай бұрын құрылған «Уақыт» телеарнасының басшылығы да келіп, біраз дүниеден хабар алған.

Талғат Балтабаев, «Уақыт» телеарнасының құрылтайшысы:
Заманауи журналистика, әлеуметтік желілердің рөлі, біздің БАҚ алдағы уақытта қай бағытта өзін айқындайды. Міне, осы сұрақтарға біз жауап алып жатырмыз.
Биылғы Astana Media Week-тің тақырыбы «Медианың әсері және цифрлық үндестік» деп аталады. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов биылғы шараға мыңнан аса адам қатысып жатқанын айтады.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары:
Отандық YouTube және подкаст жазатын, әртүрлі алуан түрлерді меңгерген біздің азаматтарымыз бар, біздің бағдарламада олар белгіленген. Workshop аясында әртүрлі мастер кластар өткізіледі. Жаңа мамандарды даярлайтын бірден-бір шара деп есептеймін.

Самал Қабышева, тілші:
Astana Media Week апталығы аясында Президенттің баспасөз қызметінің өкілдерімен кездесу де ұйымдастырылады. Ол шара жұма күнге жоспарланған. Яғни, 27 қыркүйек күні үш күнге жалғасқан Astana Media Week апталығы «Үркер» сыйлығын табыстау рәсімімен аяқталады.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу