Елорда әкімі Әсет Исекешев астаналықтар мен қала қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды astana.gov.kz.
«Құрметті астаналықтар және қала қонақтары! Сіздерді Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз - жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Бұл - өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілейтін, ақ көңіл, адал жүрек, дос құшақтарды айқастыратын қадірлі күн.
Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам - береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, шаттық пен қуанышқа кенелте берсін. Әз Наурыздың өн бойында сан ғасырлық бабалар жолы мен ұлттық салт-дәстүріміздің өрнегі сайрап жатыр. Ұлыстың Ұлы мерекесі кең байтақ жерімізге, егемен елімізге бақыт пен шаттық, ырыс пен береке сыйласын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға ынтымақ, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!», делінген құттықтауда.