Германия канцлері Олаф Шольц Қазақстанға ресми сапармен келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды Ақордада салтанатты түрде күтіп алды. Мемлекет басшысы шағын құрамдағы келіссөз кезінде канцлер сапарының тарихи мәні зор екенін атап өтті. Себебі Германия Үкіметінің басшысы соңғы 14 жылда елімізге келмеген. Кездесуде Олаф Шольцтің өтінішімен Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін жеткізді. Президенттің айтуынша, «Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық». Ал «Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді». Мемлекет басшысы «Ыстанбұл келісімі бекітілмесе де, бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар» деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздіңше Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық. Мемлекет басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр
Данияр Қайыртай