А.Науатбек: Алтынға апарар жол ауыр болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

А.Науатбек: Алтынға апарар жол ауыр болды

06.09.2024

Кеше Париж төрінде Қазақстанның Әнұраны тағы бір рет шырқалды. Бұл жолы көк туымызды көкке көтерген пара дзюдошы – Ақмарал Науатбек. 48 келіге дейінгі салмақтың J2 санаты бойынша белдескен пара спортшының есімі ел тарихында алтын әріппен жазылады. Ақмарал – қазақ қыздары арасында тұңғыш рет Паралимпиада чемпионы болды.

Биылғы төрт жылдықтың басты бәсекесі қазақ спортына тың серпіліс берді. Әсіресе татами шеберлері үшін табысты болды. Олимпиада ойындарында Елдос Сметов чемпион атанса, артынша Паралимпиада ойындарында Ақмаралдың жұлдызы жанды. Пара дзюдошы қарсылас шақ келтірмей, финалға сүрінбей жетті. Чемпиондық атақ сарапқа салынған белдесуде Ақмарал Паралимпиада қожайыны, әлемдік рейтинге үшінші сатыда тұрған француз палуаны Сандрин Мартинды айқын басымдықпен жеңді.

Армандар орындалған күн. Өйткені бұған дейін Ақмаралдың еншісінде Паралимпиададан басқа жарыстардың жүлдесі болды. Бәрі дерлік алтын. Дегенмен бұл медальдің орны бөлек дейді татами шебері. Төгілген тер мен тынымсыз еңбек жемісін берді.

Ақмарал Науатбек, Паралимпиада ойындарының чемпионы:

Шынымды айтсам қазір сезіп тұрғам жоқ. Маған тарихты жаңарттың дейді. Әлі сезілген жоқ, расында да... Бірақ медаль ауыр екен. Иә, медаль ауыр. Бұл алтынға апарар жол да ауыр болды. Өзім өте қуаныштымын арманым орындалғанына.

Ақмарал Науатбек - Әлем, Азия, Пара Азия ойындары мен Гран-при жарыстарының чемпионы. Дзюдомен 11 жасынан бері айналысады. Ал 2021 жылдан бастап көзінің көру қабілеті нашарлауына байланысты пара дзюдодан Ұлттық құрамада ел намысын қорғап жүр.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу