Отандық киноиндустрия «Анаға апарар жол» атты жаңа бір тарихи драмамен толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық киноиндустрия «Анаға апарар жол» атты жаңа бір тарихи драмамен толықты

06.03.2016
Отандық киноиндустрия «Анаға апарар жол» атты жаңа бір тарихи драмамен толықты
Жаңа мереке жаппай жақсы тойланды. Міне, ұлтқа айтылған алғыстар мен қазақтың өзгелерге тигізген шапағатының шексіз екенін көрдік. Енді бүгінгі ұрпақ ертең бізге қарғыс айтпауы керек. Әрдайым алғыс айтса игі. Ол үшін бүгінгі ісіміз баянды, ертеңгінің игілігіне айналатындай болуы тиіс.

Ал, Алғыс айту күні мерекенің мәнін ашатын туындының тұсауы кесілді. Отандық киноиндустрияның қоржынына түскен фильмде — қазақ халқының өткен ғасырдағы қилы тағдыры сәтті қиюластырылған. Бас продюсері — Әлия Назарбаева.

«Анаға апарар жол» тарихи драмасының алдын ала көрсетіліміне Мемлекет басшысы қатысты. Туындыға 1920-жылдан бастап 1965-жылға дейінгі аралықта болған қадау-қадау оқиғалар арқау етілген. Толықметражды фильмде Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова мен Болат Әбділманов сынды кәнігі актерлер рөл алған. Бас кейіпкер — Ілияс арқылы қазақ даласында жүргізілген күштеп ұжымдастыру науқаны, қазақты қаусатып кеткен ақ сүйек жұт, екінші дүниежүзілік соғыстың салқыны мен одан кейінгі тауқыметті кезеңдер шебер көрсетілген. Жат жұртта тұтқында болған оның тағдыры, Отанға, ақ жаулықты анаға деген сағынышы пен махаббатының құдіреті шымыр өрілген. Фильмнің авторы «Ағайынды», «Адасқандар» мен «Жау жүрек мың бала» туындыларымен көрермен көңілін жаулаған — Ақан Сатаев.

Ақан Сатаев, режиссер:
Біздің арқау еткен тақырыбымыз, жалпы оқиғаның өзі өте маңызды. Осы ретте жобаға қатысқаны үшін Бас продюсеріміз – Әлия Нұрсұлтанқызына алғыс айтқым келеді. Бастапқыда біраз қиындықтар болды. Ол кісі сценарийді оқып, идеясына қызығып, осы істі қолға алғалы жұмысымыз жанданып жүре берді. Актерлерді таңдауда ақылдасып, түсірілімдерге келіп белсенді қатысты, сценарийдің көп жерлерін бірге талқыласты.

Екі мыңнан астам адам қатысқан туынды Алматы облысы мен Беларуссияның Минск қаласында түсірілген. «Анаға апарар жол» тарихи драмасы жуырда барлық кинотеатрда көрсетіледі.

Хабарламаларға жазылу