Париж Паралимпиадасында қоржынымызға алғашқы алтын түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париж Паралимпиадасында қоржынымызға алғашқы алтын түсті

05.09.2024

Давид Дегтярев Париж төрінде ел мерейін асқақтатты! Екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанған саңлағымыз есімін еліміздің спорт шежіресіне алтын әріппен жазды. Сонымен қоса ядро лақтыру сынында қоржынымызға қола жүлде түсті. Жеңісті сәттің куәсі болған – Франциядағы әріптесіміз Азат Қадырбек бізбен тікелей байланыста.

Азат Қадырбек, тілші:

Кеше расымен-ақ қазақ жанкүйері үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Қос жүлде қоржынға түсті. «Порт-де-ла-Шапель» кешеніндегі зілтеміршілер бәсекесінде Токио Паралимпиадасының чемпионы Давид Дегтяревтің жолына үмітпен қарағанымыз анық. 54 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған отандасымыз ә дегеннен ең ауыр салмаққа тапсырыс берді және 185 келіні еш қиындықсыз еңсеріп көш бастады. Әр мүмкіндігінде қателікке бой алдырмаған жерлесіміз 188 келімен бәсекеге нүкте қойды және еліміздің спорт тарихында тұңғыш 2 дүркін Паралимпиада чемпионы атанды!

Давид Дегтярев, Паралимпиада чемпионы:

Эмоцияларымды айтып жеткізу мүкін емес! Біз көздеген мақсатымызға қол жеткіздік! Маған сеніп қолдау көрсеткен барша жақындарыма, жанкүйерлеріме алғысым шексіз! Жанкүйерлердің қолдауы әрине сезілді. Маған демеу болды. Бұл жеңісімді қазақ еліне арнаймын.

Азат Қадырбек, тілші:

Ал бұрымды зілтеміршіміз Тұрсынай Қабыл бәсекені алтыншы нәтижемен аяқтады. Ядро лақтыру сынында Дастан Мұқашбеков Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Атап өтсек, F36 санатында жеті спортшы өнер көрсетті. Үздік мүмкіндігінде 16 метр нәтижесін тіркеген жерлесіміз қолаға қол жеткізіп, жаңа Азия рекордын тіркеді.

Дастан Мұқашбеков, Паралимпиаданың қола жүлдегері:

Параволейболшыларымыз Бразилия құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, алғашқы бестікті түйіндеді.Бүгін отандастарымыз пара дзюдо, жүзу, пауэрлифтинг және ядро лақтыруда жүлдеге таласады.


Хабарламаларға жазылу