Африкада маймыл шешегі жылдам өзгеріске ұшырап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Африкада маймыл шешегі жылдам өзгеріске ұшырап жатыр

27.08.2024

Конго Демократиялық Республикасында тарап жатқан маймыл шешегінің жаңа штамы тез мутацияға ұшырап жатыр. Вирусты зерттеп жатқан бірнеше елдің ғалымдары осылай деп мәлімдеді. Бұл аурудың қауіптілігі, тарауы және оны емдеу тәсілдеріне қатысты ақпарат алуды қиындатып жіберген.

Дими Огойна, инфекционист-дәрігер:

Біз Африкада белгісіздік жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Маймыл шешегінің шығуы, тарау қарқыны, қаупіне қатысты білетініміз аз. Ауруды тоқтату үшін оны жете түсіне білген абзал. Маймыл шешегі тез тарап жатыр. Бірінші штам бес жылдан кейін өзгеріске ұшыраған еді. Ал бұл жолғы түрі лез дегенде мутацияланып отыр.

Соңғы штамға байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаһандық деңгейде төтенше жағдай жариялаған еді. Конгода биыл оны жұқтырғандар саны 18 мыңнан асқан. 600-ден астам адам қайтыс болды. Конгодан бөлек, маймыл шешегі Таиланд пен Швецияда екі адамнан анықталды.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу