Ақмола облысындағы 4 ауыл таза ауыз сумен қамтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы 4 ауыл таза ауыз сумен қамтылады

05.08.2024

Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты 4 ауыл таза ауыз сумен қамтылады. Жоба құрылысы келер жылы аяқталып, тұрғындар тіршілік нәрін тұтына бастайды. Одан бөлек Талапкер ауылына екі бірдей жайлы мектеп салынып жатыр.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Келер жылы Талапкер, Төңкеріс, Қажымұқан, Арайлы ауылдары таза ауыз сумен қамтылады. Дәл қазір міне менің артымда мамандар құбырларды бір біріне жалғап, оларды орналастыру жұмыстарымен айналысып жатыр. Құбырлардың жалпы ұзындығы 56 шақырымды қамтиды.

Ауылдықтар сапалы ауыз суға зәру еді. Жаздың аптап ыстығы, қыстың қақаған аязында амалы жоқ ауылдықтар алыстан тасып ішетін. Енді елдімекен тіршілік нәрімен қамтылады. Су құбыры Астана-Астрахань тас жолының бойымен өтеді. Жобаның жалпы құны 12 млрд теңге.

Қуаныш Садырбай, жоба жетекшісі:

Қазіргі уақытта сол құбырдың 30 км төселіп болды. Болашақта проектінің аяқталуы мерзімі 25 жылға жобаланған. Ол уақытта біз барлық скважинаны бір-біріне жалғап су тазалау , фильтр станция салу, одан бөлек 4 резервуарымыз бар.

Талапкер ауылында бұған дейін тек бір мектеп болса, биыл екі бірдей жайлы мектептің құрылысы аяқталуға жақын. 1200 орындық білім ордасы заманауи құрал-жабдықпен қамтылады.

Еркебұлан Нұрмағамбет, учаске басшысы:

Құрылыс жұмысы өткен жылдың шілде айында басталған. Қолданысқа қыркүйекте беріледі. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары мен сыртта абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Жаңа оқу жылын балалар жаңа мектепте бастайды. Мектепте зертхана, робототехника, инклюзивті кабинеттер ашылады. Бейбебақылау камералары мен дыбыстық қондырғылар орнатылып, қауіпсіздік барынша сақталады.

Гүлім Дашанова, Талапкер ауылының тұрғыны:

Осы кезге дейін ауылда бір ғана мектеп болатын. 900 орындық. Ол жерде екі ауысымда 2200 бала оқыды. Қазіргі таңда екі жаңа мектеп салынып, балаларымыз жақсы кең жерде оқитынына өте қуаныштымыз.

Көктем келе Талапкерліктер топан сумен күресетін. Биыл ағын суға тосқауыл болатын 3,8 шақырым арық қазылды. Одан бөлек елдімекендегі 14 шақырым жол жөнделіп жатыр.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу