Көршілес Өзбекстан аңшылық туризмін дамытуды қолға алды. Ол үшін дала жануарларын ұстайтын шаруашылықтар мен сафари-бақтарға 3 жылға салықтық жеңілдік беріледі. Ал 1 қыркүйектен бастап олар жер телімін 49 жылға дейінгі мерзімге онлайн-аукцион арқылы алады.
Жабайы аңды сақтау мақсатында құрылған тәлімбақтар 3 жыл бойы жер мен мүлік салығын 50%-ға төмендетілген мөлшерлемемен төлейді. Аукционда жеңімпаз болған заңды тұлғаларға іргелес аумақтардан да алқаптар бөлу қарастырылып отыр. Алдағы уақытта аңшылық лицензиясы 2 жыл мерзімге арнайы курстардан өткендерге ғана беріледі. Аң аулауға рұқсат беретін құжат квота негізінде электронды жүйе арқылы жүзеге асады.
Қонақбай Нуралиев, Төменгі Әмудария мемлекеттік биосфералық резерватының инспекторы:
1976 -78 жылдары он бас Бұхар бұғысы Тәжікстаннан әкелінген еді. Содан бері бұл жануарларды өсіріп бағып көбейтіп жатырмыз. Қазір жалпы саны 1400-ге жетіп қалды. Жыл сайын көктем мен күзде санақ өткізіп тұрамыз. Бұғылардың жем-суы уақытылы беріліп, тұқым өрбітуіне жағдай жасалған. Қорықта отыздан астам адам еңбек етеді.
Базаркүл Отыншиева