Орталық Азияда туризмді дамытуға күш салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азияда туризмді дамытуға күш салынады

19.05.2023

Орталық Азияда туризмді дамытуға күш салынады. Осы мақсатта бүгін Астанада Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің ІІІ отырысы өтуде. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстанның ұлттық кәсіподақ орталықтарының көшбасшылары, сондай-ақ Әзербайжан, Түрікменстан және Түркия кәсіподақтарының өкілдері қатысуда. Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстан медициналық туризмді жетілдіруді көздейді. Жылына 4 мыңнан аса қазақстандық, кәсіподақтар арқылы Өзбекстанның санаторийлерінде демалуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ отырыста жиналғандар кәсіподақтарға жастарды тарту, біріңғай веб-сайт құру мәселесін де сөз етті.

Бахтиер Махмадалиев, Өзбекстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:

Орталық Азия кәсіподақтарының мүшелері Өзбекстанның санаторийлерінде демалу үшін бар жағдай жасалған. Бізде ол үшін қазір 7 мың орынға шақталған заманауи 31 санаторий жұмыс жасайды. Бүгінгі отырыста осы мәселені де өзара талқылап, меморандумға қол қойдық.

Эрдэнэбат Сухбаатар, Моңғолия кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы:

Кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау біздің басты міндетіміз. Бүгінгі отырысқа қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Әріптестеріммен бүгін кәсіподақ қызметіне қатысты көп сұрақтарды шешеміз деп ойлаймыз. Әсіресе жұмыскерлеріміздің әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы, олардың еңбек қауіпсіздігі біз үшін маңызды.

Райхан Сайранбек

Хабарламаларға жазылу