«Алматы Жазы» экологиялық эстафетасы жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алматы Жазы» экологиялық эстафетасы жалғасып жатыр

26.07.2024

Алматыда көктемде басталып 400 мың қала тұрғыны қатысқан «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны «Алматы Жазы» экоакциясымен жалғасты. Қаланы көріктендіру жұмыстары Медеу шатқалынан басталып, «Сақ» қорғандарына дейінгі аумақты қамтыды. Экоакция аясында субұрқақтар, өзендер мен су айдындары, жағалау маңы мен саябақтар түгел тазартылды. Шараға табиғат жанашырлары, белгілі спортшылар мен аға буын өкілдері ат салысты. Мәселен белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына келушілер қатарынан барлығы 80-ге жуық зейнеткер және «Жасыл ел» мен комьюнити орталықтарының 120 мүшесі жиналды. Сондай-ақ, Мақатаев атындағы скверді тазалауға балалар да жұмылып, шөбін шауып, тал-шілікті кесіп, ақынның ескерткішін жуып тазартты. Балалар үшін ашық аспан астындағы кітапханада дәріс те өткізілді. Айта кетейік «Алматы Жазы» экоэстафетасы қаланың барлық ауданда жалғасып, тағы бірнеше күнге созылады.

Ұлықбек Есдәулет, «ТҮРКСОЙ» жазушылар одағының төрағасы:

Сақ қорғандары біздің сонау бірнеше мың жыл бұрынғы ежелгі қазақтың тарихынан хабар беретін, әрбір тасын шертіп қалсаң тарихымыз сөйлейтұғын өте киелі, қастерлі орындар. Сондықтан бұл орындарды біз таза сақтап, келешек ұрпаққа мынау біздің ата - бабамыздан келе жатқан жәдігерліктің орындары деп көрсетуіміз керек. 

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу