Қордай ауданында қатты желден зардап шеккен науқастың жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қордай ауданында қатты желден зардап шеккен науқастың жағдайы ауыр

18.07.2024

Жамбылдағы дүлей дауылдан үстіне қораның қабырғасы құлаған тұрғын жансақтау бөліміне жатқызылды. Оның омыртқасы сынып, екі аяғы сал болып қалған. Ал тасқын жүрген ауылдарда өлген малдың саны өсуі мүмкін. Қордай ауданында қатты жел мен су басу салдарын жою мақсатында арнайы комиссия құрылды. Шығын көлемі есептеліп жатыр. Елді мекендерге электр қуаты мен көгілдір отын толық тартылған жоқ. Қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатыр, өңірдегі әріптесім сабақтайды.

Бастысы бала-шаға амандығы деген тұрғындарды табиғаттың тосын мінезінің өзі мұқалта алмады. Ауылдықтар асарлатып, ұшқан шатыр мен құлаған құбырды жөндеп әлек. Кеше кешкісін болған көлбеу ағын мен бет қаратпас дауыл Бетқайнар, Беріктас және Соғанды ауылдарын жарықсыз, газсыз қалдырды. 10-ға жуық мал суға кеткен.

Саят Ағышев, ауыл тұрғыны:

Дауыл болып 28 минуттың ішінде масқара болды ғой. Сымдар, шатырларымыз, газ құбырларымыз ұшып, бағаналар құлап жатты.

Әділбек Телғазиев, ауыл тұрғыны:

Халыққа көмегі тиетін шығар деген үміттеміз. Бәрі талқаны шығып жатыр. Аяқ астынан біз сияқты зейнеткерлер қайда барамыз. Осының бәрін шешетін шығар. Істеп жатқан жігіттерге көп рақмет. Газ болмаса да мына жарықты бүгін жөндетіп берсе тегі жақсы болар еді.

Газсыз қалған Беріктас ауылындағы 219 абоненттің тек оны ғана көгілдір отын келгенін күтіп отыр. Соғанды ауылына қуат көзі бүгін түнге дейін толық тартылады. Ал ауылдар арасын жалғайтын автожолдың көпірі уақытша жөнделіп, қатынас қалпына келді.

Бақыт Сахатов, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:

Соғанды ауылында 3 бригада электр желілерін қосу үшін жұмыс атқаруда. Сонымен қатар Беріктас ауылында электр желілерін қосу және қалпына келтіру үшін 6 бригада жұмыс атқаруда.

Дауыл екпіні секундына 43 метрге жетті. Беріктас ауылында қатты желден қораның қабырғасы құлап, 18 жастағы тұрғынды басып қалды. Науқастың жағдайы ауыр, екі аяғы сал болып қалған.

Сара Сұраншиева, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы:

Науқастың жағдайы өте ауыр. Ашық ми жарақатын алған. Бас сүйегі жабық негізде, ал омыртқасы жарылып сынған. Жұлынның зақымдануынан екі аяғының төменгі бөліктері қимылсыз қалып отыр. Жағдайы тұрақталса ғана Тараздағы облыстық ауруханаға ауыстырамыз.

Ауданда қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде. Тұрғын үйлердің аулалары мен Қақпатас өзені құлаған ағаштан толық тазартылды. Әзірге шығын көлемі белгісіз, комиссия есептеп жатыр.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу