Қырғызстанда жойқын селдің салдарынан 4 адам көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғызстанда жойқын селдің салдарынан 4 адам көз жұмды

15.07.2024

Бірақ бұл сан әлі де артуы мүмкін. Толассыз жауған нөсер жаңбырдан Ақ-Буура өзені арнасынан асып, Ош қаласындағы бірнеше ауылды су шайып кетті. Қазір арнайы жасақ бүлінген аумақтарды тазалауға кіріскен. 

Сарқырап аққан селдің қарқыны жойқын. Жолындағысын жайпап өтті. Тұрған көліктерді ағызып әкетті. Ал алапат тасқынмен бетпе-бет келген тұрғындар шатырларға шығып, жан бақты. Тіпті мына кеміргіштің өзі өрмелеп, темір шарбаққа жармасып алған.

Селден 3 ауылдың халқы зардап шекті. 800-ге жуық үй мен 10 шақты әлеуметтік нысанға зақым келді. Тіпті Ош базарының аумағына кіріп, саудагерді біраз әбігерге салған. Қара суу ауданына тазалау жұмысына 300-дей құтқарушы мен 33 арнайы техника жұмылдырылды.

Сел бір үйдің 4 адамының өмірін жалмады. Анасы мен үш қызы табиғи апат кезінде Толойкон ауданындағы «Мол бұлақ» демалыс орнында болған. Марқұмдардың денесі табылды. Оларды іздеуге 350 адам тартылды. Сондай-ақ тұрғындарды эвакуациялап жатқан КАМАЗ  жүк көлігі байқаусызда бір адамды басып кеткен.

Өзгүр ауылындағы Борубай-Ата демалыс орнынан 500-ден аса адам қауіпсіз жерге көшірілген. 30 адам жедел жәрдем көмегіне жүгініп, оның 9-ы ауруханаға жатқызылған. Ош-Баткен-Раазақов жолының учаскесі жабылды.

Урматбек Шамырканов, Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі:

Біз тұрған жерден базарға дейінгі аралық 15 шақырымды құрайды. Қазір құтқарушылар 4 топқа бөлінді. Селдің салдарымен күреске әскерилер де тартылды.

Қырғыз министрлер кабинетінің ақпаратынша жыл басынан бері елде 230-дан аса сел жүріп, 17 адам қаза тапқан. 20 сәуір мен 1 шілде аралығында табиғи апаттан 2 миллион доллар зиян келген. Қазір Ош облысындағы да шығын есептеліп жатыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу