Футболдан Англия құрамасы Еуропа кубогының финалына шықты. Кеше жартылай финалда британдықтар Нидерланды құрамасымен сынға түсті. Тартысты өткен ойында жолдама тағдыры соңғы сәтте шешілді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Англия құрамасының үлкен доп додаларында топ жармағанына 60 жылдан асты. Ал Нидерланды құрамасы Еуропа чемпионатының финалына соңғы рет 1988 жылы шыққан. Қос құраманы қолдаушылар саны көп. Мәселен, Голландиядан арнайы осы ойынға 75 мыңнан аса адам келген.
Иә, қос команда жеңіске шөлдеп қалған. Содан болар төреші сықырығы естілісімен гол салудың әрекетін жасап, кезек-кезек алға ұмытылды. Осындай қарымта шабуылдың бірінде, 7-минутта қызғалдақты елдің ойыншысы Хави Симонс алыстан соққы жасап, есеп ашты.
Ағылшындар жауабы көп күттірген жоқ. 18-минутта Нидерланды қорғаушысы айып алаңында ереже бұзып, 11 метрлік айып добы белгіленді. Харри Кейн пенальтиден мүлт кетпеді.
Бірінші таймда командалар белсенді болғанымен есеп өзгерген жоқ. Үзілістен кейін қос құрама қорғанысқа қатты көңіл бөлді. Тек 91-минутта, ойын аяқталуға санаулы сәт қалған кезде Олли Уоткинс гол салып, Англияны финалға шығарды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Осылайша Англия құрамасы қатарынан екінші мәрте Еуропа біріншілігінің финалына шығып отыр. Бұл жолы олар кубокты көтеріп, жанкүйерлер көңілін көкке жеткізе ала ма? Оны жексенбі күні білеміз.