EURO-2024: Франция мен Португалия ширек финалға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

EURO-2024: Франция мен Португалия ширек финалға шықты

02.07.2024

Германияда өтіп жатқан еурокубок жарысының кезекті күні мәреге жетті. Криштиану Роналду бастаған Португалия мен Мбаппе алға жетелеген Франция құрамасы жасыл алаңға шықты. Келесі кезеңге кім өтті? Жұлдызды футболшыларға көрермендер қалай қолдау көрсетті? 

Шерхан Жамбылұлы, Тілші:

Иә, жанкүйерлер әр матчқа тыңғылықты дайындалатыны көрінеді. Түрлі-түсті бояулар, арнайы атрибутикалар мен киімдер. Бастысы олар әр жерден, әр елден болғанымен футбол бәрін біріктіретін спорт түрі.

Франция мен Бельгия жанкүйерлері Дюссельдорф аренаны лық толтырды. Алайда, қос құрама ойынның басым бөлігінде сақ ойнап, қорғанысқа көп көңіл бөлді. Тек екінші таймның 85-минутында Коло Муани тепкен доп бельгиялық қорғаушының аяғынан серпіліп, есеп ашылды. Франция жеңісті жұлып кетті.

Шерхан Жамбылұлы, Тілші:

Бұл француздардың қуанышы. Олардың командасы бүгін есеп пен тактикаға сүйенген матчта жеңіске жетті. Осылайша биылғы жарыстың басты фавориттерінің бірі еурокубоктағы ойындарын жалғастырады.

Ал келесі кездесу Португалия мен Словения арасында өтті. Көрермендер 90 минут бойы гол көре алған жоқ. Экстра таймда Ян Облак қақпасына пенальти белгіленді. Алайда, Криштиану Роналду бұл жолы мүлт кетті.

Осылайша 120 минутта есеп ашылған жоқ. Ойыннан кейінгі 11 метрлік серияда Португалия қақпашысы Диогу Кошта үш бірдей допты қайтарды. 3:0. Португалия ширек финалда Франциямен кездеседі.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу