Мәжіліс депутаттары Астанадағы «Жол картасы» аясында салынып жатқан «Тұран» жылу электр станциясының тыныс-тіршілігімен танысып, қызметкерлермен кездесті. Жақында қолданысқа берілген нысан қалаға 1 мың 140 гигакалория қуат беріп тұр. Бұл елорда халқының сұранысын артығымен өтемек.
Мақсат Есмағұлов, Қалалық энергетика басқармасы басшысының орынбасары:
2023 жылдан бастап біз профицит деңгейіне келіп жатырмыз. Яғни, ешқандай шектеулер жаңа үйлерді қосуға және де жылу желілерімен байланысты қандай да бір ақаулар жоқ. Үш станция жаңадан қосылған бізге түгелімен қажетті гидравликалық режимді ұстауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта аталған энерго орталықтарды қосу арқасында қаламызда бірнеше жылға бізге ешқандай қиындықсыз жылыту маусымдарын өткізуге мүмкіндік туды.
«Қорғалжын» тас жолы маңындағы бұл қазандық жылу тапшылығы бар негізгі аудандарды және Сығанақ көшесінің оңтүстігін, Тұран даңғылының батысын жылумен қамтиды. Сондай-ақ, жақын аудандардағы жаңа құрылыс нысандарын да қарамағына алмақ. Кездесуде депутаттар қалалық Энергетика басқармасы өкілдерін мазалаған мәселелердің оң шешімін табуға атсалысатынын, 2-кезектің іске қосылуын бақылауда ұстайтынын айтты.
Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
Бұл жерде тағы бір айтып кететін мәселе — түбегейлі әзірге шешілмеген жылу желілерінің құрылысы, соны деген менің ойымша тездету керек. Осы туралы әңгіме қазір осы жерде қозғалды. Тиісті сметалық-жобалық құжаттамаларын қала әкімшілігі дайындап жатыр. Сондықтан деген осы жұмыстарды тездету керек, сонда қаланы түбегейлі, бүкіл мына тұрғын үйлер бар, микроройондар бар бәрін жылумен қамтамасыз етуге мүмкіншілік болайын деп тұр.
Асылбек Данияр