«Таза Қазақстан» акциясы өңірлерде жалғасын тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза Қазақстан» акциясы өңірлерде жалғасын тапты

28.06.2024

Елімізде «Таза бейсенбі» акциясы жалғасып жатыр. «Amanat» партиясының бастамасымен қолға алынған шара апта сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жолы Сырдария, Арыс, Кендірлі өзенінің жағалауы мен Солтүстік Қазақстан облысы қоқыстан тазартылды. Солтүстік Қазақстан облысында 150-ден астам ерікті өңірді тазартты. Егде жастағылар да белсенді қатысты. Соның бірі 66 жастағы Бейбіт Әбілов.
Бейбіт Әбілов, ерікті:
Біздің бүгінгі мақсатымыз - акцияны қолдау. Елімізде, тұрған жерімізде, жан-жағымызда тазалық болсын.
Сыр өңірі де қоқыстан тазарды. 100-ден астам волонтер Сырдария өзені жағалауын жинады.
Хадиша Қорғанова, «Amanat» партиясы Қызылорда облыстық филиалы бастауыш партия ұйымының төрағасы:
Мақсатымыз -әрбір тұрғынның бойында өзінің қаласына деген тазалықты, таза ауаны, сапалы суды ішу үшін әркім тәртіпті өзінен бастауы керек. Сырдария өзенінің бойын қоқыстан тазалау жұмысын жүргізіп жатырмыз.
Сондай-ақ Арыс қаласына қарасты Теміржолшы елдімекеніндегі жағажайдан 2 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
Бақтығали Ділдәбеков, «Amanat» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы:
Тазалық бәрімізге керек. Бұл – экологиялық мәдениетті, экологиялық сананы, қоршаған ортаға келген азаматтардың жауапкершілігін арттырады. Алдағы уақытта да бұл экологиялық акция жалғасын табатын болады.
Ал, Маңғыстаудағы Кендірлі өзенінің жағасын қоқыстан арылтуға 300-ден астам белсенді жұмылды. Эстафета Түпқараған ауданында жалғасты. Еске салайық «Таза бейсенбі» экоакция Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында әр апта сайын өтеді.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу