Атырауда ескерткіштердің тұғыртастарын жаппай тексеру басталды. Бұл шара облыс орталығындағы «Жеңіс» саябағында отбасымен серуенге шыққан 7 жасар қыз баланың үстіне бюст құлап мерт болғаннан кейін қолға алынып отыр. Оның 9 жастағы ағасы мен әкесі де жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бүгін саябақтағы 14 ескерткішті техникалық сараптамадан өткізу қолға алынды. Қазір саябақ уақытша жұмысын тоқтатты.
Нұржан Ермұханов, қала әкімінің орынбасары:
Қазіргі уақытта барлық бюсттар Атырау қаласы әкімдігінің тапсырмасымен қоршауға алынды. Бұл бюсттарға негізі «Арнаулы автобаза» ЖШС тазалық жұмыстарын жүргізетін еді. Сонымен қатар барлық құжаттар жинақталып, тексеруші құзырлы органдарға беріліп жатыр. Медициналық-сараптамалық жұмыстар тағайындалды. Қазір қандай жағдайда не болғанын анықтап, қосымша ақпарат береміз.
Нұрсұлтан Нұрсейіт