АҚШ-тың алпауыттарына кеңес берген қазақ қызы. Вашингтонда жерлесіміз Анар Өмірзақ жас кәсіпкерлерден бастап атақты компанияларға дейін табысқа жетудің жолдарын үйретіп жүр. Отандасымыз әлемге белгілі кәсіпкерлердің тәжірибесін жасанды интеллекттің көмегімен саралап, бизнеске қажет кешенді оқу құралын жазып шыққан. АҚШ-ты бағындырған іскер жайлы Жалғас Сәдібекұлы тарқатсын.
Әдетте шетелдіктердің қазақтарға дәріс оқитынын жиі көріп келсек, бұл жолы бәрі керісінше. Қазақ қызы АҚШ-тың кәсіпкерлеріне ақыл-кеңесін беріп жатыр. Кезекті бизнес кездесуде тұрғын үй сату мен сатып алу нарығында ондаған жылдық тәжірибесі бар мамандар Анар Өмірзақтың таныстырылымын мұқият тыңдап отыр. Кейбірі қажетті тұсын қағазға түртіп алуда. Вашингтон аймағында ширек ғасырдан бері жұмыс істеп келе жатқан жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Анардың жақында жарық көрген кітабын қатты ұнатып қалса керек, оны өз қызметкерлеріне дәріс оқу үшін арнайы шақырыпты.
Чад Мортон, жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы:
Өз бизнесіңізді дамытып, жалпы кірісіңізді көбейтіңіз келсе және дұрыс қадам жасап жатқаныңызға көз жеткізгіңіз келсе, бұл таптырмас құрал, керемет ресурс деп едім. Кәсібін қалай, қай жерден бастау керегін білмей жүрген жаңа бизнес бастаушылар үшін әсіресе керек дүние.
240 беттік бизнес әліппесін жазу үшін Анар 1,5 жыл уақытын жұмсаған. 8 жылдан бері стартаптарға серпін берумен айналысып жүрген отандасымыз әлемге әйгілі менторлардың 20 мың тақырып бойынша 10 мың сағаттық дәрістерін жинап, жасанды зерденің көмегімен саралап шыққан. Нәтижесінде бизнес жүргізудің қарапайым бес қағидасын анықтайды. Оңайлату, санау, жүзеге асыру, үйрену және дамыту.
Анар Өмірзақ, кәсіпкер:
Кітаптағы бес тақырып ол барлық тақырыптардан шыққан ең маңыздысы, осыны жүзеге асырсаңыз, еңбегіңіз жанады деген сөз. Маған осы әдістеменің өте ұнайтын себебі, ол жаңадан басталған бизнес пен корпорацияның бизнесіне бірдей келе береді. Ол концепция универсалды.
Magic off S.C.А.L.E деп аталған оқу құралы осы айдың басында әлемдік интернет сауда дүкені Amazonға сатылымға шыққан. Жатық тілде жазылған туындыға компанялар қазірдің өзінде қызығушылық білдіріп жатыр. Әрі Анарды терең зерттеудің нәтижесінде тапқан тың тұжырымдарымен бөлісу үшін тренинг өткізуге шақырып жатқандары да аз емес.
Жалғас Сәдібекұлы