«Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасып жатыр

24.06.2024

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы еліміздің барлық аймағында қарқынды түрде жалғасып жатыр. Атап айтсақ, Ақтауда теңіз жағалауын тазалау жұмыстары басталды. Ұлытау облысында 2 мың адам бір мезетте қала ішінен 70 тонна қоқыс шығарды. Ал Шымкентте «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмысын бастады.

Ұлытау облысында 160-тан аса еңбек ұжымы жұдырықтай жұмылып, 2 мың адам бір мезетте қала ішінен 70 тонна қоқыс жинады. 60-қа жуық арнайы техника оларды полигонға шығарды. Ал еріктілер мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері көшеттерді суарып, талдардың түбін әктеді.

Ал Ақтауда Каспий теңізінің жағалауын қоқыс пен балдырдан тазалау жұмыстары басталды. Мердігер мекеме бір ай ішінде «Самал» шағын ауданынан жылы жағажайға дейінгі аралықты толық тазартуды жоспарлап отыр. Теңіз жағасынан ірі тастар, арматура, құрылыс заттарының қалдықтары да табылып жатты.
Айдар Бейсенов, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі:
Бұған дейін мұндай жұмыстар жүргізілген жоқ. Осы участокте балдырлардан, илдан жағымсыз иістен пайда болудан мына жақын тұрған тұрғындардан өте көп шағым беруде. Мердігер мекеменің тексеруіне сәйкес, осы ірі участоктердің бірі болып саналады.
Ал Шымкентте «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмысын бастады. Биыл оның қатарында 35 жасқа толмаған 1300 адам бар. Жасаққа жастарды қабылдау әлі де жүріп жатыр. Оларға арнайы киім беріледі, қажетті құрал-саймандармен толық қамтамасыз етіледі. Биыл тазалық шарасы Қошқар ата өзенінің жағалауынан басталды. Бағдарлама аясында жастар жазғы демалыста бос жатпай еңбек етеді. Айлықтары да төленеді.
Лаура Бораш, «Жасыл ел» еңбек жасағының үйлестірушісі:
Күніне жоба аясында 4 сағат жұмыс болады. Ол жерде Абай, Әл-Фараби, Тұран, Қаратау, Еңбекші аудандары арқылы жастар бөлініп жұмыс атқарады.

Қазір әр өңір тазалық шарасын жүйелі түрде өткізуді қолға алып жатыр. Қуантарлығы, олардың қатарында еріктілер мен жастар көп.

Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу