Атырауда әйелін ұрды деп айыпталған экс-әкім 2 жылға бас бостандығынан айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда әйелін ұрды деп айыпталған экс-әкім 2 жылға бас бостандығынан айырылды

23.06.2024

«Әйелін ұрды» деп айыпталған Атырау облысы Мақат ауданының экс-әкімі Ринат Ибрагимовке 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

«Сотта Ринат Ибрагимовтің материалдық тұрғыдан әйелінің өзіне тәуелді екенін пайдаланып жанжал шығарып, соққыға жыққаны дәлелденді. Осының салдарынан жәбірленушінің 5-ші омыртқасы сынып, орташа ауырлықтағы жарақат алған»,-деп жазылған соттың хабарламасында.

Сондай-ақ, бұрынғы әйелі моральдық шығын ретінде 20 млн теңге талап еткен, сот 2 млн теңге төлеуге шешім шығарған.

Мамыр айында Ринат Ибрагимовтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотта қаралып жатқаны жария болған. Ол кезде әлі әкім еді. Ибрагимовке қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-тармағы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа ақпан айында жолданған болып шықты.

Атырау қаласының тұрғыны Ақмарал Үмбетқалиева бұрынғы күйеуі, Атырау облысы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтен зорлық-зомбылық көргенін айтып, мемлекеттен көмек сұрады. Ол бұрынғы жұбайы он жыл бойы ұрғанын айтқан.

Ринат Ибрагимов дзюдо мен самбодан спорт шебері, республиканың бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері екен. 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиадаға қатысқан.


Хабарламаларға жазылу