Маңғыстауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 26 мың тонна қоқыс шығарылды. Заңсыз қоқыс үйілген аумақтарды тазарту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ақтау қаласының аумағында мұндай 6 жер анықталған. Ал, туристік орындарға апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, 1 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жиналған.
Шетпе ауылының тұрғыны Аида Аманқос экологиялық акцияға белсенді атсалысып келеді. Ол осымен 3 жыл қатарынан «Жасыл ел» жастар жасағында жұмыс істейді. Айтуынша, биыл тазалық жұмыстары тіптен қыза түскен. Олар аудан аумағындағы тарихи-мәдени орындарды қоқыстан тазартып жүр.
Аида Аманқос, «Жасыл ел» жастар жасағының мүшесі:
Осы жылда біз деген көп затты үйрендік. Жасыл елде өзіміздің қоршаған ортаны тазалауды, баптауды, басқа да жерлерге саяхаттап барып, ол жақты жинап, көріп қызықтап қайтып жатырмыз.
«Отпан тау» тарихи-мәдени кешені аумағын тазалау жұмыстарына 20 белсенді жас қатысты. Олар халыққа туристік орынды таза ұстаудың маңызын түсіндірді.
Ал, экологиялық акция аясында Ақтау қаласының аумағынан заңсыз қоқыстар үйілген 6 жер анықталған.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Заңсыз қоқыс төгілген аумақтың бірі- кіші Оймашы көлінің жағасы. Мұнда шамамен 17 мың тонна қоқыс жатыр. Тазарту жұмыстары 4 күн бұрын басталған. 20 шақты адам, 15 техника жұмылдырылған. Бүгінге дейін 1,5 тоннадай қоқыс шығарылды.
Ең көп қоқыс 3-өндірістік аймақта жиналған. Аумағы 35 гектар. Бұл жерден 25 мың тонна қоқыс алынып, арнайы техникалар полигонға 1200 рет қатынаған.
Жанболат Жақыпов, Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Жеке тұрғындар өздерінің пәтерлерінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол жақтан шыққан қалдықтарды арнайы осындай жұмыспен айналысатын, тасымалдаумен айналысатын жосықсыз азаматтардың осындай бос жатқан алқаптарға әкеліп қоқыстарды төгуінен ол бір күнде, екі күнде жинақталған қоқыс емес. Бұл 3-4 жылда жинақталған қоқыстар.
Мамандар «Таза Қазақстан» акциясына тұрғындарды жұмылдыруды көздейді. Ол үшін байқау жариялады. Жүлде қоры 10 млн теңге. Мақсат- сенбіліктерге белсенді қатысқан тұрғындарды көпке үлгі ету.
Аягөз Оралбайқызы