Ал қазір бәріміз футбол әлемінде жүрміз. Бір айға созылатын Еуропа чемпионаты осы аптада басталды. Еуро-24 матчтары Германияның 10 қаласында өтеді. Берлиндегі Олимпиада стадионы ең үлкен арена – 71 мың адам сыяды. Шешуші ойын сонда өтеді. Сол басты ойынға билеттер сатылып та жатыр. УЕФА-ның ресми сайтында билеттер бағасы 95 еуродан басталып, 2000 еуроға дейін барады. Қазір 24 құрама команда 6 топта бақ сынасып жатыр.
Футбол комментаторлары соның ішінде В тобын «өлім тобы» деп атап үлгерді. Себебі оның ішінде үш мықты – Испания, Хорватия мен Италия командалары бар. Дегенмен Хорватия Испаниядан ойсырай жеңіліп үлгерді. 3-0 есебімен ұтылып қалды. 29-маусымнан плей-офф кезеңі басталады. Спорт сарапшылары бұл турнирдің фавориті ретінде бірнеше команданы - Англия, Франция, Германия, Испания мен Португалияны атап отыр. Қазіргі чемпион Италия да мәртебесін сақтап қалғысы келеді, әрине. Кім қай құрамаға жанкүйер, соны айта беретін де сияқты. Ал Грузия құрамасы халықаралық Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып отыр. Ойындарды «Qazaqstan» және «Qazспорт» арналарынан көріп жүрген шығарсыздар.