Қазақстан туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту бойынша 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Соның кесірінен еліміздегі курортттық аймақтардың саны азайып барады. Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту бағытындағы өткен кеңесте саладағы бірқатар қордаланған мәселені көтерді.
Туризм бүгінде инвесторлар үшін әлеуеті зор сала. Осылай деген Президент Үкімет мүшелері мен бүкіл мемлекеттік орган басшыларының басын қосып, қордаланған мәселелердің шешімін сұрады. Туризм және спорт министрінің есебінше, Қазақстанға өткен жылы 9 млн-нан астам шетелдік турист келген. Олардан мемлекетке 450 млрд теңгеден астам салық түсті. Шетелдік меймандардың көбі Алматы, Астана және Маңғыстау облыстарындағы қонақ үйге тоқтаған.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
Жаңа терминалдар салу және әуежайларды жаңарту секілді саладағы реформалар мен жаңа шаралардың арқасында біз елімізге саяхаттау қызуғышылықтың артқанын көріп отырмыз.
Дегенмен, министрдің есебіне Президент күмән келтірді.
Ал Президенттің мәлметінше, экономикадағы туризмнің үлесі керісінше 3,7 пайыздан 3,2 пайызға азайып кеткен. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Мәселен, Алакөлдегі қонақ үйлер мен демалыс орындарының саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның кесірінен бюджет түсімі азайып, өңірлерде жұмыссыз жүргендер артты, - деді Президент. Туризм жағынан Қазақстан тіпті климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерден де артта қалған. Ал мемлекет қаржыландырған инвестициялық жобалар аяқсыз қалып жатыр. Себебі, өңірлерде тиісті инфрақұрылым жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет.
Ал жаз айларында жолаушылар саны күрт артып, жағдай тіпті қиындайды. Президент автомобиль жолдарының да сапасын сынға алды. Әсіресе, шалғайда орналасқан демалыс орындарына көлікпен жету қиын. «Астана – Алматы» бағытындағы жолдың құрылысы 3 жылға созылып кетті.
Бұдан бөлек, «Атырау – Астрахань», Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Казталовка – Жәнібек жолдарының құрылысы бітпей тұр. Президент бұл жұмыстар биылдан қалмай аяқталуы тиіс деді. Себебі, логистиканың нашарлығынан Қазақстанға келетін шетелдік турист аз. 90 пайызы ТМД елдерінің тұрғындары. Мемлекет басшысы Қазақстан - Қытай, Үндістан, Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдерінің тұрғындары үшін қолайлы аймақ болуы қажет деп отыр. Әрі олардың ұлттық менталитетін және сұранысын ескеріп әр түрлі бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мәдени әлеуетімізді толық пайдаланған жөн. Шекара маңындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беру қажет. Бірақ, кейбір мемлекеттік органдар әлі күнге дейін ескі әдіс-тәсілмен жұмыс істеуде. Халықаралық туризм экономиканы дамытуда зор мүмкіндік беретінін көпшілігі терең түсінбеген сияқты.
Ол үшін ең алдымен әуе тасымалын дамыту қажет, - дейді Президент. Әсіресе, шетелден ұшатын лоукостерлердің санын көбейткен абзал. Қазір ол негізгі тасымалдың 21 пайызы ғана. Ал Грузия мен Әзербайжанда бұл көрсеткіш 56 және 37 пайызға жетеді. Бұдан бөлек, еліміздегі туристік аймақтарда электр энергиясы жетіспейді. Соның кесірінен, техникалар істен шығып, азық-түлік бұзылып, демалушылар жарықсыз отырады. Президент Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісіне тексеру жүргізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мысалы, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылған жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабылданған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл – көзделген қаржының небәрі 28 пайызы. Он жылдан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген.
Дегенмен, туризмді дамытамыз деп табиғатқа зиян келтіруге болмайды деген Мемлекет басшысы, өңір әкімдеріне демалыс орындарында арнайы инфрақұрылым әзірлеуді жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты.
Биыл елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді деп жоспарланған. Қасым-Жомарт Тоқаев төл дәстүріміз, мәдениетіміз бен спортмыз үйлесім тапқан бұл доданың маңызы зор деп отыр. Осындай мүмкіндікті пайдаланып шетелдік туристерді ел аумағына шақырып, Қазақстанның әлеуетін көрсету қажет дейді. Әлемдік медиаға танытуды Сыртқы істер министрлігіне тапсырды.
Айя Мүтәлі