Республикалық бюджет қаражаты қалай игеріліп жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Республикалық бюджет қаражаты қалай игеріліп жатыр?

09.06.2024

Жоғары аудиторлық палата (бұрынғы Есеп комитеті) былтырғы республикалық бюджеттің қалай игерілгені жайлы есеп берді. Палатаны сәуір айынан бері бұрынғы Премьер-Министр Әлихан Смаилов басқаратыны мәлім.

Ол Мәжілістегі баяндамасын жобалардың уақытылы орындалмайтынан бастады. Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2023 жылға көзделген қаражат толық көлемде берілген. Бірақ оның тек 38%-ы ғана игерілген. Қаражатты барынша үнемдеу керек болса да, аса маңызды болғасын ақшасы толық берілген жобаның 50 пайызға да бітпегеніне шынында, «бұл қалай?» дейсің.

Сол сияқты «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 227 объект бойынша жобалау аяқталмаған.

Смаилов сонымен бірге мемлекеттік ресурстардың жұмсалуын нәтижелерге сүйене отырып қарағысы келгенін, алайда статистиканың кеш қалыптасуына байланысты бағалау мүмкін болмағанын айтты. Кезінде өзі де басқарған статистика жүйесінде сапалы өзгерістер бола қойған жоқ, деп өкініш білдірген.

Сөзінен цитата: Цифрландырузаманында статистикалық деректерді бір жыл және одан да көп уақытқа кешігіп әзірлеу орынсыз деп есептейміз, маңызы мен құндылығы жоғалады.

Маңызды деталь әлеуметтік қолдауды, базалық әлеуметтік кепілдіктерді бағалау жүргізілмейді екен. Сондықтан қазақстандықтардың әл-ауқатына мемлекеттік бюджет шығыстарының тигізетін әсерін есептеп, бағалау үшін Халықтың өмір сүру сапасының бірыңғай ұлттық стандартын енгізу ұсынылып отыр.

Кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып келеді. Уақытында аяқталмаған жобалардың 60%-дан аса қымбаттаған. Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында орындалмаған жұмыс үшін шамамен 3,4 млрд теңгеге төлем жасалған. Ал Семей қаласында жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан былтыр 1,7 млрд теңгеге салынған «Орталық» қазандығы пайдаланылмай тұр.

Ал квазимемлекеттік сектор бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені және төмен нәтижесі үшін мемлекеттік органдармен қатар Парламент алаңында әлі күнге жауап бермейді.

Қорыта айтқанда, үкіметтің деректері мен барлық мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құраған. Өзі премьер болған кездегі мына деректі өзінен естиік.

Әлихан Смаилов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:

Қазір мемлекеттік борыш қауіпсіз шекте болғанымен, Үкіметтің борыштық міндеттемелері биыл қаңтар айындағы жағдай бойынша 24,9 трлн теңгені құрады. 2024-2025 жылдары өткен онжылдықта тартылған қарыздарды қайтару бойынша бюджетке ең жоғары жүктеме түсіп отыр. 2023 жылы қарыздарды өтеуге және қызмет көрсетуге Ұлттық қордың трансферттерін есепке алмағанда, бюджет кірістерінің 28%-ы немесе барлық шығыстарының 19%-ы жіберілді.



Хабарламаларға жазылу