Президент ҰҚШҰ мүше елдердің палата спикерлерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ҰҚШҰ мүше елдердің палата спикерлерімен кездесті

03.06.2024

Қазақстан «қос халық үшін екі мемлекет» формуласын қолдайды. Яғни Таяу Шығыста ұзақ жылға созылған қақтығыстың шешімі Палестина мемлекетін құру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесуі кезінде осылай деді. Сонымен қатар Президент палестиналықтардың Ұйымға мүше болу құқығын мойындау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қабылдаған қарарын құптады.

Мемлекет басшысы қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, Ресейдің ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясына тұрақты мәртебе беру туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев парламентаралық диалог мемлекетаралық байланыстарды нығайту ісінде маңызды рөл атқаратынын да атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінгі кездесу халықаралық ахуал тым шиеленіскен жағдайда өтіп отыр. Әлемдегі қақтығыс қауіпті деңгейге жетті. Әсіресе, Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа секторында күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың арасында қарапайым азаматтар, әйелдер мен балалар бар. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гуманитарлық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мәнінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды.
Президент бұл мәселеде Қазақстан өз ұстанымынан ешқашан айнымайтынын тағы да растады. Яғни, астанасын Шығыс Иерусалим деп белгілеп, Палестина мемлекетін құру. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Ауғанстандағы жағдайға айрықша тоқталды. Пікірінше, қазіргі кезеңдегі стратегиялық міндеттердің бірі – Ауғанстанды өңіраралық байланыстарға белсенді тарту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан тәлібтер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз.
Ал, терррорлық қауіп-қатермен күресу және азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдау қажет. Әскери күштер мен құралдарының дайындық деңгейі әрдайым жоғары болуға тиіс. Қазақстан ұйымға төрағалық етіп тұрғанда бұл мәселеге ерекше басымдық береді. Биылдың өзінде Қазақстан аумағында екі ірі оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспарланып отыр.
Ермек Сейітбатталов, әскери сарапшы:
Жауынгерлер біздің кейбір тәжірибе алады. Өздерін сол жерде ауа райы басқа, ол жақта құм, теңізі бар. Сондай жерлерде өздерін қамтамасыз етіп үйренеді.
Ұйым елдері арасындағы ынтымақтастық табиғи апаттар кезінде де айқын сезіліп жатыр, -  деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өңіріміздегі су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдай табиғат апатының қаупі қаншалықты зор екенін көрсетті. Қазақстанға оның салдары оңай тимеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, еліміздегі су тасқыны кезінде тілеулестік білдіріп, көмек көрсеткені үшін мемлекеттеріңізге ризашылығымды білдіремін. Біз бұл қолдауды жоғары бағалаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдермен арадағы сауда-саттықтың қарқынды өсіп келе жатқанына тоқталды.
Былтыр Қазақстан мен Ресейдің сауда көлемі 26 миллиард долларға жетті. Ал Қырғызстанмен арадағы сауда айналымы 1 миллиард 571 миллион долларды, Тәжікстанмен 1 миллиард 130 миллион долларды, Беларусьпен 912 миллион долларды құрады. Қасым-Жомарт Тоқаев экономика саласына тоқтала келіп, еліміздің ЖІӨ көлемі 265 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді. Былтырдың өзінде елімізге 23 млрд доллардан астам тікелей инвестиция тартылған.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес отырысы Ұйымға мүше әр елдің мүддесін ескере отырып, мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын ілгерілетуге елеулі үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ, Кеңес қабылдайтын құжаттар ұжымды одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу