Басты Жаңалықтар Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ақталғандардың 40%-ы әйелдер

Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ақталғандардың 40%-ы әйелдер

311 мың саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталды. Бұл – мемлекеттік комиссияның соңғы екі жылда атқарған жұмысы. Ақталғандардың 40 пайызға жуығы әйел. Олар кімдер? Әріптесім Нұрсұлтан Тілектес Ақмола облысындағы «АЛЖИР»  мұражай-кешеніне арнайы барып, біраз мәліметті біліп қайтты.

1938-1953 жылдар аралығы. Отанға опасыздық жасады деп айыпталғандардың әйелдері Ақмола облысында орналасқан арнайы лагерге күштеп әкелінді. Қазір «АЛЖИР»  атауымен белгілі мемориалдық-мұражай орналасқан аумақ кезінде әйелдер үшін нағыз тозақ болған.
 Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Тұтқындар лагерге мынадай жүк тасуға арналған вагондармен жеткізілген. Жақсылап зер салсаңыз, ішінде не жарық, не жылу болмағынын аңғаруға болады. Жуынып-шайынуға арналған орын былай тұрсын, тіпті әжетхана қарастырылмаған. Ресми ақпаратқа сүйенсек 40 адамға шақталған бұл вагондарға 70-80 адам күштеп тиелген.
«Сталиндік вагондарға» тиелген әйелдерге ас ретінде күніне бір мезгіл бір тілім нан мен тұздалған балық берілген. Әлсіреп, көз жұмғандарын пойыз тоқтаған аялдамаларға тастап кете берген. Мәскеу, Ленинград, Украина, Грузия, Армения және Орталық Азиядан жеткізілген әйелдер лагердегі барактарға орналастырылған.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Тұтқындағы әйелдер мынадай саз балшықтан тұрғызылған барактарда тұрған. Олар ағаштан жасалған екі қабатты кереуертке қамыс төсеп ұйықтаған. Өйткені оларға төсек орын берілмеген. Қыста бұл барактың іші өте суық болған. Сондықтан әйелдер түнімен ұйықтамай, кезектесіп мына шағын ғана пешке қамыс жағып жылытқан. Соның өзінде барактың ішіндегі температура 6-9 градустан аспаған.
Лагердегі 18 мың әйелдің арасында Бейімбет Майлиннің жұбайы Гүлжамал Майлина, Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза Рысқұлова, Жанайдар Сәдуақасовтың жары Елизавета Сәдуақасова болған.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Күні бойы бел жазбай ауыр жұмыс істеген әйелдер түнде мынадай тергеу изоляторына қамалған. Тергеу барысында күзетшілер қулыққа барып, аяғы жерге тимейтіндей биік орындыққа отырғызып қойған. Салдарынан бірнеше сағаттан кейін әйелдердің аяғы ісіп, қан қысымы көтеріліп есінен танған. Осыны пайдаланған күзетшілер оларды алдап-сұлдап, түрлі құжаттарға қол қойғызып алған.
Дихан Қамзабекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Негізгі мақсат сол әйелдерді түзеп, Кеңестік үкіметке бейімдейміз деді. Ал, шын мәнінде олар үлкен парасатты адамдар. Қаншама жылдар олар азапталды. Сол лагердің ішінде нәрестелер шетінеген. Нәрестелердің бейіті бар.
Лагердегі әйелдерге тергеушілер зорлық-зомбылық көрсеткен. Салдарынан 1500-ден астам некесіз бала туған. Олардың біршамасы шетінеп кеткен. Ал, аман қалғандары 3 жасқа толғанда балалар үйіне жіберілген. Ана мен балаға жылына бір рет ғана хат алмасуға рұқсат етілген.
Гүлнұр Мейірханова, «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешенінің қызметкері:
Сондағы жақындарынан, балаларынан келген күзетшілер мазақ қылып, әйелдерінің қолдарына емес жанып тұрған оттың ішіне тастап жіберген. Хаттың маңыздылығы сонша, жанып тұрған оттан қолдарын салып аман алып қалған әйелдердің хаттары әлі күнге сақталып келген.
Лагерь 1953 жылы Сталиннің өлімінен соң жабылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелерінің айтуынша, соңғы екі жылда 311 мың адам ақталды. Оның 40 пайызы әйел.

Нұрсұлтан Тілектес

Бөлісу