Атырау облысы: Өр суының көп болуы мен желдің күшеюі салдарынан жағдай қиындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысы: Өр суының көп болуы мен желдің күшеюі салдарынан жағдай қиындады

24.05.2024

Атырау облысында тасқын су қалаға жетті. Бүгін Соколок каналы бойындағы бөгетті су шайып кетті. Жауапты мамандар қосымша екінші бекітілген жағаны нығайтып жатыр. Қазір барлық күш сонда жұмылдырылған. Толығырақ тілшіміз Нұрсұлтан Нұрсейіт баяндайды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Өр суының көп болуы және желдің күшеюіне байланысты бүгін Жайық өзенінде ағыс қатты. Шамамен 20 м/с-қа дейін жетіп отыр. Мына біз тұрған Атырау-Индер бағытына қарай қатынайтын жол жабық. Өйткені мына көпір опырылып түсті.
Мейрамбек Доспенбетов, Қызылорда облысы ТЖД жедел құтқару жасақ басшысының орынбасары:
Бағана таңертең өттік. 5 минуттан қарасақ осындай жағдай болып тұр. Сол үшін қазір солдаттарды 12 шақырым жерден тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атырау-Индер тас жолынан бөлек Атырау-Орал трассасының 71 шақырымында және Махамбет ауданына қарасты Сарайшық ауылының тұсында көлік қатынасы тоқтады. Соколок каналы қалаға бағытталған үлкен су нөпірін Жайық өзені арқылы реттеудің негізгі көздерінің бірі еді. Алайда ағысы қатты тасқын бөгетті шайып өтті. Қазір қауіпті учаскелерде жұмыс күшейді.
Әлібек Мұханбетәлиев, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: 
Екі-үш күн қатарынан жел тұратын болса бөгеттерді шайады деген өте үлкен қауіп бар. Және бұған қоса Алға ауылына өте үлкен қауіп туып тұр.
Қаладағы гидробекеттегі су деңгейі 6 метрге жақындап қалды. Әзірге елді-мекендерге су кірмеді. Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылының кірме жолын су басты. Қазір тұрғындар үшін қайық тасымалы ұйымдастырылған.

Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу