Alatau City жобасына 40-қа жуық инвестор қызығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Alatau City жобасына 40-қа жуық инвестор қызығып отыр

24.05.2024

Сингапурлық компания кешенді жоспарын әзірлеген Алматы облысындағы Alatau City жобасын жүзеге асыруға 40-қа жуық инвестор қызығушылық танытып отыр. Олардың арасында құрылыс, әртүрлі өндіріс пен тоқыма саласы бар, дейді қала әкімі. Мемлекет басшысы Сингапурға жасаған сапары аясында да тоқталып өткен болатын.

Сондай-ақ бұл бастаманың әлеуеті зор екеніне сенім білдіріп, Сингапур бизнесінің өкілдерін осы жобаға белсенді қатысуға шақырды.

Алатау қаласын әлемдік стандарттарға сай келетін жетекші халықаралық іскерлік хабқа айналдыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ, Президент Temasek Holdings компаниясының бас директорын қабылдады. Кездесуде «Самұрық-Қазына» қоры мен Temasek компаниясы арасында серіктестік орнату мүмкіндігі талқыланды. Әрі Қасым-Жомарт Тоқаев, Surbana Jurong компаниялар тобының бас директоры Шон Чаомен кездесті. Бұл компания Алматы облысында Alatau City жобасын жүзеге асырады. Оны әлемдік стандарттарға сай келетін жетекші халықаралық іскерлік хабқа айналдыру көзделген. Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның кешенді жоспарын әзірлегені үшін сингапурлық компанияға алғыс айтты.

Заманауи қала республикалық маңызы бар Алматы-Өскемен тас жолының бойында орналасады. Жалпы аумағы 88 мың гектар болатын аймақта қазіргі таңда 53 мың тұрғын, 12 елдімекен бар. Жоба бойынша Алатау қаласына Жетіген ауылы, Талғар ауданындағы Дәулет және Қайрат ауылдары; Іле ауданындағы Жетіген, Еңбек, Жаңаарна, Құйған, Жаңадәуір, Жаңаталап, Ынтымақ, Қоянқұс елдімекендері мен Қонаев әкімшілігіне қарасты Заречное және Арна ауылдары кіреді.

Әркен Өтенов, Алатау қаласының әкімі:
Жалпы Алатаудың орналасуы географиялық жағынан және өзінің жаңағы құрылуы саясаты жағынан тиімді. Мына жерде ірі-ірі көліктік тораптар бар. Сондықтан инвесторлар қызығушылық танытуда. Мемлекет басшысының сапары шеңберінде Сингапурда Алатау шеңберінде презентация болды. Инвесторлармен келіссөздер жүргізілді, оларға шақырылым жасалады. Мемлекет басшысының сапары үлкен, осыдан кейін инвесторлар арта түседі деп ойлаймын.

Әу баста G4 City деп аталған қаланы дамыту жөніндегі Бас жоспардың тұжырымдамасы дайындалды, 30 мың гектар аумақ 96,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Атауы Alatau арнайы экономикалық аймағы деп өзгертілмек. Төрт ауданға бөлінген қаланың өз ерекшеліктері бар. Біріншісі экономикалық орталыққа айналса, екіншісі білім,ғылым, денсаулық орталығы, үшіншісі заманауи өндіріс қалашығы. Ал төртіншісі жағалауға жақын туристік аймақ болады.

Роза Әбілова, Алатау қаласы мәслихатының төрайымы:
Енді қазіргі ең маңыздысы бюджет. Себебі, енді өзіңіз білесіз, ауылдарда уақытында жерді бөлген. Жерді бөлгеннен кейін коммуникациялар болған жоқ. Енді халық жол, су мәселесін көтереді. Енді бүгінгі күнде кім қай жерде баланста тұр соны реттеп жатырмыз.

Алматы маңында орналасқан Алатау қаласы мегаполистегі инфрақұрылымдық, экологиялық және әлеуметтік жүктемені азайтады, дейді әкімдік өкілдері. Ал ұзақ мерзімді жоба кезең-кезеңімен жүзеге асса, 2050 жылға қарай Алатаудағы халық саны 2 млн адамға жетеді деген болжам бар.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу