Alatau City: Қазақстанда Сингапур стиліндегі мегаполис салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Alatau City: Қазақстанда Сингапур стиліндегі мегаполис салынуы мүмкін

26.05.2024

Сингапур. Оңтүстік Шығыс Азиядағы қала, арал әрі мемлекет. Ел аумағы өте шағын, Астанадай ғана болғанымен, әлемдегі ең бай елдердің бірі. Халқының саны да аз — 6 миллиондай. Ал ЖІӨ 500 миллиард долларға жуық. Жан басына шаққанда 67 мың доллардан асады. Бұл біздегі көрсеткіштен 6 есе көп.

Досжан Маратұлы, тілші:

50 жылда ел жаңа деген тіркес дәл осы Сингапурға айтылғандай. Өйткені жарты ғасырдан астам уақыт бұрын мына жерде ештеңе жоқ еді. Қазір алдыңғы қатарлы озық ел. Экономикалық серпіліс жасап, аз уақытта дамыған елдердің қатарына қосылды.

Сол үшін де «Азия жолбарысы» атанған Сингапур Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үшін таңсық емес. 1970 жылдары Кеңес одағының дипломаты ретінде еңбек жолын осы жерден бастаған. Тәуелсіздік алғаннан кейін де келіп жүрді. Десе де, Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сапары. Алыстан келген әріптесін Сингапур президенті Тарман Шанмугаратнам Истана сарайының алдында салтанатпен қарсы алды.

Тараптар сауда-экономика, инвестиция салаларын дамыту жайын талқылады. Бүгінде елімізде 140-тан астам сингапурлық компания жұмыс істейді. Тартылған инвестиция көлемі 1,7 миллиард доллардан асты. Сауда көлемі де жаман емес. 1 миллиард 800 миллион доллар. Оның басым бөлігі, яғни бір миллиард 700 миллионнан астамы экспорт. Қалғаны импорт.

Президент сан саладағы байланысты арттыру жайын Сингапур Премьер-министрі Лоуренс Вонгпен де талқылады. Келіссөз кезінде экономикалық, құқықтық, қауіпсіздік, білім салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған Үкіметаралық алты құжатқа қол қойылды. Мәселен, білімге қатысты меморандум үш бағыттан тұрады. Бірінші, гидротехник, ирригатор сияқты тапшы мамандарды даярлайтын институт құруға көмектеседі. Екінші, бұдан былай «Болашақ» бағдарламасы арқылы Сингапурға 500 зерттеушіге дейін жіберіледі.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Үшіншісі – Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Сингапур политехник университеттері. Біздің университтердің деңгейіне кәсіптік және техникалық білім саласындағы Сингапурдың ең мықты дуалды оқыту әдістемелерін енгізетін боламыз.

Үкіметаралық қана емес, инвестициялық келісімдер де жетерлік. Президент сапары кезінде Қазақстан-Сингапур кәсіпкерлерінің бизнес форумы өтіп, құны 250 миллион доллардан асатын коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Соның бірі Қазақстан теміржолы мен сингапурлық логистикалық компания арасындағы келісім. Құжатқа сай, Алматыда үлкен логистикалық орталық салынбақ. Тағы бір компания елімізде кәсіпорын ашып, астықты терең өңдеу ісімен айналысуды көздеп отыр.

Ержан Елекеев, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының төрағасы:

Қазақстан жыл сайын 17-18 млн тонна астық жинайды. Соның 5-6 млн тоннасын экспорттаймыз. Сол астықты арзанға сатқанша, оны терең өңдейтін кешендер салған дұрыс. Елімізде зауыт салғысы келетін сингапурлық компания астықтан 200 түрлі өнім шығармақ. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, салықтық түсімдерді арттыра түспек.

Ержан Елекеевтің айтуынша, сингапурлықтар бұл жобаға бекер қызығып отырған жоқ. Қазақстанның бір миллиардтан астам халқы бар Қытаймен меншіктесетінін біледі. Зауыт салып, сол нарықты жаулауды ойлап отыр дейді. Енді бір келісімге сай, Сингапурда Қазақстанның инновациялық хабы құрылады.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Бұл біздің стартап жобаларымыздың Оңтүстік Шығыс Азия нарығына шығуына көмектеседі. Өнімдеріміздің тез таралуына ықпал етеді.

Форумнан кейін Мемлекет басшысы елімізге инвестиция құйғысы келетін Сингапурдың миллиардарлерімен кездесті. Солардың бірі Indorama корпорациясы басқарма төрағасы Амит Лохиа. Ол басқаратын кәсіпорын мұнай химия өнімдерін шығарады. 32 елде 140-қа жуық өндіріс алаңы бар. Енді Жамбыл облысында фосфор тыңайтқышы өндірісін ашуды жоспарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Sovico Group компаниясының басқарма төрағасымен де кездесті. Нгуен Тхань Хунг Qazaq air әуе компаниясын сатып алмақ. Алдын ала жасалған уағдаластыққа сәйкес, инвестор 5 жыл ішінде елімізге Boeing 737 Max және Airbus ұшақтарының 20-сын әкелуі тиіс.

Әрі Президент Surbana Jurong компаниялар тобының бас директоры Шон Чаомен кездесті. Бұл компания Алматы облысында Alatau City жобасын жүзеге асырады. Жаңадан бөй көтеретін бұл қала Сингапур стиліндегі ақылды әрі интеграцияланған мегаполис болуы тиіс. Оны әлемдік стандарттарға сай келетін жетекші халықаралық іскерлік хабқа айналдыру көзделген.

Сарапшылар Сингапурмен байланыс қай жағынан болсын өте тиімді дейді. Өйткені бізге керегі инвестиция мен инновация. Бұл тұрғыда «Азия жолбарысының» берері мол. Тек соны дұрыс пайдалану қажет.

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында Қазақстан IT мемлекетке айналуы керек деді. Яғни, жоғары технологиялар, цифрлы технологиялар, экономиканы цифрландыру – бүгінгі таңдағы стратегиялық мақсатымыз. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Сингапур тек Шығыс Азиядағы емес, әлемдегі қаржылық және технологиялық орталық ретінде танылған.

Ал Сингапурдың Қазақстанда қандай мүддесі бар? Еліміз бұл мемлекет үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес. Батысқа шығатын қақпа. Сондықтан ТрансКаспий көлік дәлізін қазір екі жақ бірлесіп цифрландырып жатыр.

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Әсіресе, «Бір жол, бір белдеу» бағдарламасы аясында Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдау бойынша Қазақстан ең басты артерияға айналды. Сондықтан Сингапур да осы Сингапур-Қытай-Қазақстан экономикалық дәлізін құруға мүдделі. Осы тұрғыдан алған кезде, әрине, бұл Сингапур үшін бірінші кезекте транзиттік біздің потенциалымызды қолдану және біздің энерго ресурстарымыз. Еліміздегі газ, мұнай өнімдері Сингапур үшін өте маңызды.

Иә, Сингапур – әлемдік қаржы орталығы. Бірақ қазба байлығы жоқ. Құм мен суды да көршілерінен алып отыр. Сапар аясында Президент Сингапур инвесторларын жеріміздегі сирек металдарды бірлесіп игеруге шақырды. Қазір әлемде сирек металдарға сұраныстың үлкен екенін ескерсек, бұл сингапурлықтарды елең еткізгені сөзсіз.

Досжан Маратұлы, тілші:

Осылайша, Президенттің Сингапурға жасаған сапары тамәм. Маңызды келісімдер мен уағдаластықтар аз емес. Бас аяғы 20-ға жуық келісімге қол қойылды. Ендігі міндет – соларды жүзеге асыру. Бұл екі ел арасында ғана емес, Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азиямен де ықпалдастығын арттыра түсетіні сөзсіз.

Хабарламаларға жазылу