Мемлекет басшысы Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушты қабылдады

20.05.2024

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-саттық көлемі 6 млрд долларға жетті. Екі ел тауар айналымын 10 млрд долларға ұлғайтуға мүдделі. Бұл туралы бүгін Түркия Ұлттық мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушты қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Түркия бүгінде Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктестерінің бірі. Әрі басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Кездесуде тараптар серіктестікті одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Президент парламенттік дипломатияның әлеуетін жоғары бағалайтынын атап өтіп, Түркия Ұлттық Мәжілісі төрағасының Қазақстанға сапарының мәні зор екеніне назар аударды. Өз кезегінде Нуман Куртулмуш атажұртта түрік делегациясына көрсетілген сый-құрмет үшін ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сапарыңыздың мән-мағынасы жоғары. Ерекше деп айтуға болады. Бүгінгі кездесу достық және ынтымақтастық туралы келісімнің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Мұның зор символдық мәні бар. Жақында ғана әріптесім Режеп беймен телефон арқылы сөйлестім. Үнемі хабарласып отырамыз. Сондықтан біздің арамыздағы диалог өте жақсы дамып келе жатыр.

Нуман Куртулмуш, Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы:

Қазақстан – біздің атажұртымыз әрі түркі халқына ортақ рухани тұлға Қожа Ахмет Ясауидің отаны. Біз Түркістан қаласына жол жүріп, қасиетті орындарға зиярат етеміз және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінде конференция өткіземіз. Алдағы уақытта Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенімдімін.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу