Астанада «Ұлы дала жорығы» атты марафон-бәйгесі туралы деректі фильмнің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Бұл марафон 2022 жылдан бастап жыл сайын «AMANAT» партиясының, Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіліп келеді. Фильмде былтыр өткізілген «Ұлы дала жорығы» марафоны туралы баяндалады. Осы жорыққа қатысушылар Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырым жол жүріп өткен. Шара 14 кезеңге бөлініп, оған еліміздің 19 өңірінен бір командадан қатысты. Кинокартинада шабандоздардың жарысқа дайындығы, олардың қиындықтарды қалай жеңгені және жеңіске деген ұмтылысы көрсетіледі. Сондай-ақ бәйгеге қатысушылар сапар барысында басынан өткен оқиғалары туралы әңгімелеп, шынайы эмоциясымен бөліседі. Фильм қазақ халқының өткен көшпелі өмір салты мен қазіргі Қазақстанның келешек көкжиегін біріктіре отырып, ұлттық рухты жаңғыртады.
Рүстем Досжанов, «Ұлы дала жорығы - 2023» жеңімпазы, Жетісу командасының жетекшісі:2023 жылы сәтті жыл болды. Басты бәйгені ұтып алдық. Енді «Ұлы дала жорығының» маңыздылығы өте зор. Ұлттық спорт халықтың ең сүйікті нәрсесі. Бұл жобаны осының авторына, ұйымдастыруына әрі қарай көтерілуіне мемлекеттік деңгейге жеткізу өте үлкен еңбек деп ойлаймын.