Ішкі көші-қон саласындағы түйткіл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ішкі көші-қон саласындағы түйткіл

14.05.2024

Он жыл ішінде 13 мыңнан астам азамат солтүстік облыстарға қоныс аударған. Алайда олардың 20-30 пайызы оңтүстікке қайта көшкен. Оған не себеп, тілшіміз зерттеп көрді.

Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданы Қуатбек Кененбаевтың отбасы үшін жайлы мекен бола алмады. Өз қалауымен барып, 5 жарым жыл сол жақта тіршілік етіп, еңбектенген олар биыл пұшайман хәлде туған ауылға қайта оралды. Мақсаты – мал өсіру еді. Бірақ әу баста уәде етілгенімен жайылым жер мен шабындық үшін бір қарыс жер ала алмады.

Қуатбек Кененбаев, Қазығұрт ауданының тұрғыны:

Көшіп барған жылы жер сұраған кезде 30 басқа жетуі керек қара мал деді. Келесі жылына жеткіздім, ол кезде жер жоқ, деді. Жылда сол. Анаған жазамын, мынаған жазамын, мүмкіндік болмады.

Солтүстіктегі қолжетімсіз дүние тек жер емес. Көпбалалы отбасылар перзенттерін балабақшаға орналастыра алмай қиналамыз, дейді. Кезегі келгенше мектепке де барып қалады. Сонан кейінгі қиындық - жұмысқа орналасу. Ұсынатыны қара жұмыс, беретіні арзымайтын жалақы, деп налиды көшіп барғандар.

Нұржамал Мәмбетқызы, М.Жұмабаев ауданының тұрғыны:

Жұмыспен қамти аламыз деп алып келеді де, бірақ сол жұмыспен қамту мәселесі қатты ақсайды. Ол жерде ақсайтын айлық мәселесі өте төмен бізде. 80 мыңмен 5 баласы бар отбасы күн көру мүмкін емес. Мектепте кіші қызметкер болып жұмыс істейтін болса, оның айлығы 50-60 мың.

Ішкі миграцияны реттеу үшін біраз жыл бұрын солтүстік облыстарда қоныс аударғандарға 1 мыңнан астам тұрғын үй салынды. Ірі шаруашылықтардың қаржысына тұрғызған бұл баспаналарға да сын көп. Сапасыз, жылуы қиын. Оны тұрғындар қанша жыл өтсе де өз атына рәсімдей алмайды. Сондықтан көші-қон ісімен айналысып жүрген ұйым мүшелері енді солтүстік аймақтарда мемлекет есебінен кредиттік және жалдамалы үй салған дұрыс деген ұсыныс айтады. Сондай-ақ теріскейде кәсіпкерлікті жандандыруға да көңіл бөлу керек деп санайды.

Жаңабай Ағабеков, «Ұлы көш» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Оңтүстіктің азаматтарына, кәсіпкерлерге 100-150 миллионға дейін несиені 2,5-3 пайызбен берейік, сонда кәсіпкерлер солтүстіктің экономикасын көтерсін. Сондай бағдарламалар жасауы керек мемлекет.

2016 жылдан бері көші-қон мәселесімен айналысып келе жатқан бұл ұйым жуырда Сенат төрағасына бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Оның ішінде тұрғын үй, кәсіпкерлік және 2 гектарға дейін конкурссыз жер беру мәселесі бар. Елімізде ішкі миграция бағдарламасы қолға алынғалы бұл іске 43 триллион теңге жұмсалған. Ал теріскейдің халқы оңтүстіктен барған азаматтардың есебінен небәрі 3 жарым мың отбасыға көбейген.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу