Қазақстанда қуаңшылық болу қаупі бар - эколог - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда қуаңшылық болу қаупі бар - эколог

21.04.2024

Биыл елде құрғақшылық болады деп болжам жасап жатқандар бар. Мысалы, «Ұлттық аграрлық ғылыми орталығының» тәуелсіз директоры Кирилл Павлов есімді сарапшы солай деп отыр. Ол америкалық мұхитты зерттейтін қызметтің зерттеулеріне сүйенеді.

Былтыр жаздың аяғында мұхит деңгейінен жоғары температураның 1,5 градусқа артқаны анықталған. Павловтың есебінше, жазда жаңбыр жаумайды. Негізі былтыр да жаз бойы тамшы тамбаған жерлер аз болмаған. Керісінше, шыққан өнімді жинайтын кезде жаңбыр құйып, қаншасы рәсуә болған.

Мына тасқынның арқасында топырақтың ылғалданатынын айтады. Бірақ, екінші жағынан жердің құнарлы қабатын шайып әкетеді. Сондай-ақ сумен бірге ветеринарлық та, фито да – барлық патогендер мен аурулар келеді.

Мұны оқып, біз басқа да мамандардың комментарийі мен болжамын естуге асықтық. Серік Жұмабектің материалы.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ!». Ғалымдар дабыл қағып жатыр. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым алдағы 20-30 жылда Қазақстанда климат қатты өзгереді дейді. Ал, БҰҰ тек Қазақстан емес, Орта Азияны сумен қамтамасыз ету соңғы 50 жылда 3,5 есеге азайғанын айтады. Тіпті, құрғақшылық пен қуаңшылықтың қалыпты үрдіске айналатынан жасырмайды. Қайтпек керек?!

Елде алапат су тасқыны болып жатқанда, қайдағы құрғақшылық, қайдағы қуаңшылық деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, сондай болжамның бары рас. Ғаламдық жылыну табиғи экожүйені бұзып, қалыптан тыс маусымдық өзгерістерге алып бара жатқан көрінеді.

Лаура Мәлікова, тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:

Былтырғы жылдың жазынан бастап бізде Эль-Ниньо деген құбылыс басталды. Тынық мұхитындағы болатын құбылыстардың әсерінен бүкіл әлемде әртүрлі өзгерістер болады. Дубайда жаңбыр жауып жатқаны, Пәкістанды сел алып жатқаны т.б осының бәрі соның салдары деп айтуға болады. Біздегі жағдайда соған байланысты. Бұл құбылыс бізде осы жылдың маусымына дейін жалғасады деп болжанып отыр. Сондықтан, егер температура осындай жоғары деңгейде болатын болса қуаңшылық болу қаупі бар.

Алмасбек Садырбаев, «Shanyraq» ұлттық агроқозғалысының төрағасы:

Биыл қуаңшылық болатыны анық. Себебі осы тасқында. Бұл су тасқындары босқа болып жатқан жоқ. Оның артында ыстық келе жатыр. Қазіргі қардың еру периоды майдың ортасына бару керек болған. Қателеспесек алтыншы айда өте қатты ыстықтар басталады. Ол ыстықтар кезінде 7-8 айға кететін, сол міне бір ай алдыға жылжып тұр.

Ұлыбритания, Канада ғалымдарының дерегіне сүйенсек біздегі таудағы мұздықтардағы қысқы қар ери бастаушы еді 6,7,8 айға дейін. Қазір соның барлығы жылжып-жылжып 4,5,6, айға дейін келді. Сондықтан біздің дақылдарымыз 6 айға дейін пісіп болу керек. Ал, біз ескі Совет одағы кезіндегідей егіп жатырмыз, ол бойынша 6,7 айда ол нәр алу керек. Нәр алатын кезде бізде су жоқ.

«Өткен онжылдықтармен салыстырғанда көктемнің ерте келіп, қардың бірден еруі байқалатыны рас. Бірақ ол жазда қуаңшылық болады дегенді білдірмейді ғой, бұлай елді алаңдатпау керек»,- дейтін қарама-қайшы пікір де жо емес.

Акпар Мауленов, «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» басқарма төрағасының орынбасары:

Топан су келгеннен кейін құрғақшылық болады деп кейбір адамдар, кейбір сарапшылар болжап жатыр. Мұндай болжамды тіпті біздің қазгидрометболсын, тіпті әлемдегі ешқандай ғылыми ұйымда, ешкімде ондай болжамды бере алмайды. Қазгидрометтің өзі де айтты ғой біз бір ай бұрынғы болжам бере аламыз деп. Сондықтан, биылғы жылы құрғақшылық болады, болмайды деп нақты басып айт қиын.

Ләззат Мұратбекқызы, география және су қауіпсіздігі институты су ресурстары зертханасының ғылыми қызметкері:

Жаз айларында құрғақшылық болады деген тұжырым бар. Бірақ, ол міндетті түрде болады деген сөз емес. Ондай болжам айтылу үшін үлкен ауқымдағы күрделі зерттеу жүргізілу керек. Тіпті, бүкіл әлемде мұндай ұзақ мерзімдік болжаулар жасау өте күрделі мәселе. 3 күннен артық болжам беру өте қиын.

Расымен де ауарайын 3 күннен артық нақты болжау мүмкін болмаса жаздағы жауын-шашынның мөлшерін алдын-ала қалай есептеуге болады деген ой келеді. Ауа райына қатысты айлық болжамның шын-өтірігін «Қазгидромет» мамандарынан сұрап көрдік Сөйтсек...

Жұлдыз Қылышбекқызы, «Қазгидромет» РМК ұзақ мерзімге болжау барсқармасының басшысы:

1-3 тәулікке дейін 95 пайызға дейін айқындалады, 10 күнге дейінгі болжамдар 93 пайызды құрайды, айлық болжамдар одан төмен 75, кей айлары 90 пайызға дейін айқындалады.

Демек егін науқаны мен күздегі жиын-теріннің қалай болатыны қазірге белгісіз. Тек, су тасқыны болған өңірлерде өнім мол болатын шығар деген үміт бар.Бірақ...

Алмасбек Садырбаев, «Shanyraq» ұлттық агроқозғалысының төрағасы:

Су шайып өткен жерлерде қуаңшылық болмайды деген қате ой. Бір куб жердегі ылдғалды соғып тұрған самал жел 1.30 сағаттың ішінде кептіріп кете алады немесе бір-ақ тәулікте. Ал, бізде жерде қанша куб су жиналды деп есептейсіз? Менің ойымша көп жиналмады. Өйткені, бізде тоңғақ жерменен су жүреді ғой. Ол жерге сіңбеген су, ол ағып кеткен су. Керісінше оның сіңіп қалғаны дрыс болар ед.

 Лаура Мәлікова, тәжірибешілэкологтар қауымдастығының төрайымы:

БҚО, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, СҚО су басты екен содан барлығы құнарлы боп, күшті болып кетеді деп айтуға болмайды. Бұл жерде жағдай біркелкі емес.

Қалай десек те, басқа өңірлермен салыстырғанда қарғын су қаптаған аймақтарда топырақтың аз да болса ылғалды болатыны сөзсіз. «Бірақ, ол барлық мәселенің шешімі емес. Бұған дейін тек құрғақшылық пен қуаңшылық туралы айтылған өңірлерде енді материалдық және вирустық проблемалар қоса жүруі мүмкін»,- ейді мамандар

Алмасбек Садырбаев, «Shanyraq» ұлттық агроқозғалысының төрағасы:

Өкінішке орай осы шайылған суменен қаншама Батыстағы мұнай қалдықтары кетті, малдың мүрдесі далаға жайылып жатыр. Сібір жарасы көмілген жерлер шайылып кетіп жатыр. Бұл біздің еліміздің биологиялық қауыпсіздігіне өте үлкен қауып қатер төндіріп тұр. Бұнымен қалай күресміз оны білмймін.

 Лаура Мәлікова, тәжірибешілэкологтар қауымдастығының төрайымы:

20 см-ге дейін топырақтың құнарлы қабаты болып есептеледі. Үлкен топан су өткеннен кейін ол жерде топырақтың құрамынан белгілі бір микроэлементтер жуылып кеткен болуы мүмкін. Сондықтан ол жерлерде топырақтың құрамындағы заттар бойынша алдын- ала шаруалардың мүддесі үшін зерттеулер жүргізіп барып қана егістік егуе кірісу керк болады.

Акпар Мауленов, «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» басқарма төрағасының орынбасары:

Расында да су жүргеннен кейін су ауруды тасиды, арамшөптің тұқымын да тасиды, зиянкестердің жұмыртқасын бәрін тасиды. Биыл аурудың өршуі, шегерткенің көбеюі, арамшөптің көбею қаупі бар. Топырақтың бетіндегі құнарлы бөлігін шайып кетсе әрине өнім аз болады. Шама келсе биылғы көктемгі егіс жұмыстарын ертерек бастау керек. Ерте пісетін қуаңшылыққа, құрғақшылыққа төзімді сорттарды пайдалану керек.

 «Шегерткеден қорыққан егін екпес».Оңтүстіктегі шаруалар қазірдің өзінде 300 мың гектарға жуық жерге дән сеуіп тастаған. Арасында ерте пісетін тұқым түрін еккендер де бар. Бірақ, ол дәстүрлі тұқымға қарағанда әлдеқайда аз өнім беретін көрінеді. Сондықтан диқандардың көбі оны еуден бас тартадыекен.

Құрманбек Бәкірұлы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы

Жылдан-жылға мынау проблема күшейіп келе жатыр. Күрішті азайту керек деген әңгіме көп болды айтылып жатқалы. Бірақ халық үйреніп қалған, табыстың көзі көбісіне. енді не істеу керек деген сұрақ барлық адамдарда бар. Басшыларда болсын, ғалымдарда болсын, жәй шаруаларда болсын осы сұрақ қазір көп айтылады.

Ақпан айында Мемлекет басшысы суармалы жерлердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар екенін айтып, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы құрғақшылық мәселесін тез арада реттеуді тапсырған. Бұл туралы нақты қандай жұмыстар жасалып жатқаны жайында АШМ толық ақпарат ала алмадық. Ал, диқандар қолда бар техникамен өз бетінше су үнемдеудіңамалын жасап жатр.

Ғалымжан Ізтілеуов, агроном:

Су тапшылығынан шығуға қолдан келгенше судың келетін арналарын қазып жатырмыз, одан бөлек лазерлік технологиялармен күріш алқаптары толықтай тегістелді. Енді екінші қайтара теістеуге кетіп жаыр.

Құрманбек Бәкірұлы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы:

Ең басты суды үнемдейтін менің ойымша жерді тегістеу. Лазерлі технологияны қолдану. Жер тегіс болмай су үнемдеу мүмкін емес.

Егін алқаптарына су үнемдеу технологиясын енгізіп, даланы толықтай тегістеп шығуға барлық шаруаның шамасы келмейді. Сондықтан көпшілігі жылдағы әдіспен тұқым сеппек.

АШМ «биылғы қарғын суды мейілінше тиімді пайдаланамыз, су тапшылығы болмауы керек»,- деп отыр. Ал, өзге елден келетін өзенге үміт артқан жұрт үшін «алдын-ала келісім жасалды, су жеткілікті деңгейде жіберіледі»,- дейді. Қысқасы, жазда құрғақшылық бола ма, жоқ па? Тек, болжам ғана. Құрғақшылық басталғанда ғана «осындай болып жатыр» деген дабыл қағылуы мүмкін. Былтыр да сөйттік емес пе?!

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу