Түркістан облысының тұрғындары тасқыннан зардап шеккен аймақтарға тоқтаусыз көмек көрсетіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының тұрғындары тасқыннан зардап шеккен аймақтарға тоқтаусыз көмек көрсетіп жатыр

18.04.2024

Түркістан облысының тұрғындары тасқыннан зардап шеккен аймақтарға тоқтаусыз көмек көрсетіп жатыр. Өңірден осы күнге дейін 700 тоннадан аса гуманитарлық көмек жөнелтіліп, 100-ден астам ауыр техника Батыс Қазақстан облысына жіберілді. Сонымен қатар аймақтан аттанған 50 ерікті де сол аймақта гуманитарлық көмекті үйлестіріп жатыр. Мәселен Сарыағаштықтар аудан орталықтары мен ауылдық округтерде жылу жинауда.

Сарыағаш ауданының әрбір ауылдық округінде қазір гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Мәселен Өзбекстанмен шекаралас жатқан Жібек жолы ауылдық округінде жеті елдімекен бар болса, ондағы тұрғындар бірігіп, қаражат жинаған.

Бағдат Ешмұратов, ауыл тұрғыны:

Ауылдың тұрғындары кім немен көмектеседі, соны әкеліп беріп жатыр. Продукты, ақшалай да беріп жатқандар бар. Барып, өзімізде сол жерде көмектесіп, сосын қайтамыз Алла бұйыртса.

Қайырымдылықтан Еңкес ауылының азаматтары да шет қалмады. Елдімекеннің жастарынан бастап қарияларға дейін қарасып, қолдан келген көмегін көліктерге жеткізіп беруде. Солардың бірі сексеннен асқан әжей Тасбибі Бердалиева тасқыннан зардап шеккендердің жағдайын естіп, қарап отыра алмағанын айтады.

Тасбибі Бердалиева, Зейнеткер:

Халыққа сондай жағдай келген екен, естігеннен кейін қолдан келген әрекетті жасадық. Көрпе төсек алып келдім. Өзім тіккен нәрселерімді алып келдім. Оларға құдай қуат берсін, сабыр берсін!

Ал Қабланбек ауылының жұртшылығы болса он тоннадай гуманитарлық көмек жинады. Игі істі ұйымдастырушылар негізінен бөгеттер салуға қажетті құрылыс заттары мен суда киетін киім, қайық жөнелтпек.

Арман Оразымбетов, ауыл тұрғыны:

Осындай қап, күрек, етік, тачка сондай заттар керек деді. Қолымыздан келгенше алып келіп бердік. Батыстағы ағайындарға Алла сабыр берсін.

Айта кетейік, оңтүстік жұртшылығы тасқын басталған күннен бастап тыным таппай, Батыс Қазақстан, Атырау мен Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына гуманитарлық көмек жөнелтті. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан халықтары ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен 88 миллион теңгеден астам қаржыға қажетті заттар алынып, жолдаған.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу