Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға өзге өңірлер гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға өзге өңірлер гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр

01.04.2024

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға, өзге өңірлер гуманитарлық көмек жинап, алды жөнелтіп жатыр. Бірқатар облыс орталықтарында көмек қабылдау пункттері ашылған. Онда волонтерлар белсенді жұмыс істеуде. 

Ақтауда тасқын судан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек қабылдау орталығы ашылды. Алтыншы шағын аудандағы жастар үйінде орналасқан пунктке тұрғындар азық-түлік, киім-кешек, төсек орындар мен гигиеналық заттар әкелуде. Гуманитарлық көмек поштамен темір жол арқылы жеткізілмек. Ал одан бөлек, ауыл аймақтардағы белсенді жастар қаражат жинап, қажетті заттар алуда.

Әнуарбек Күзембаев, қала тұрғыны:

Ақтөбенің эвокуаторщиктерімен сөйлесіп отырмыз. Басынан аяғына дейін сол жерде жүрген жігіттер. Ол жігіттер көбінесе срогы өтпейтін тамақтар, кішкентай балалардың киімдері, памперстері, аяқ киім көп сұрап жатыр.

Тараздық еріктілер төтенше жағдай жарияланған өңірлерге 10-ға жуық жүк көлігін жөнелтуді жоспарлап отыр. Ол үшін белсенді жастар көшелерді аралап, сауда үйлерінің алдында тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Соның арқасында халық игі істен шет қалмай, қажетті заттарды әкеліп, көмектесуде.

Көкшетаулық еріктілер де су тасқынынан зардап шеккен халыққа қол ұшын созып жатыр. Олар бес күнде 800 келіден астам гуманитарлық көмек жинаған. Дені жылы киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек және тұрмысқа қажетті заттар. Мұның барлығын қарапайым қала тұрғындары әкелген. Ал еріктілер оны сұрыптап, мұқтаж жандарға таратуда.

Дидар Хамзин, ерікті:

Бұл жерде волонтерлар өз еркімен барлығы келіп жатыр. Қатарымызға қосылып жатыр. Біздегі хабарландыру бойынша, халық, қалаған әрбір жан келіп, киім тапсыруда.

Гуманитарлық көмек келіп жатыр

Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек келіп, таратылып жатыр. Қазірге дейін осы өңірге қарай Түркістан, Атырау және Қызылорда облыстарынан жүк тиелген көліктер жолға шыққан. Қайырымдылық қорлары да көмектерін жеткізуде. Ойыл ауданындағы эвакуациялық орталықтардағы тұрғындарға қажетті заттар тікұшақ арқылы жіберілді.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу