Өзін банкрот деп тануға өтініш бергендердің 78 пайызының өтініші мақұлданбады. Оның бірнеше себебі бар. Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері мәлімдеді. Азаматтар банкроттыққа өтініш жазуда қандай қателіктер жіберіп жүр? Қуан Нұрақын тарқатады.
Соңғы бір жылда төлем қабілеті нашарлаған 91 мың тұрғыннан банкроттыққа өтініш түскен. Үкіметтен мұндай қарыздарды кешіруге қаражат қарастырылмаған. Бұл қаржылық ұйымдардың өздерінің тәуекелі дейді жауапты министрлік өкілдері. Қазірдің өзінде ел азаматтарының 22 млрд теңгеден аса қарызы кешірілген.
Меруерт Сейсембаева, ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:
Сотты банкроттық пен төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімдері бар көзделген. Солар бойынша 2 мыңнан астам азамат өтініш білдірген. Енді соттан тыс банкроттық рәсіміне келсек, бүгінгі таңда осы рәсім барысында 10 мыңнан астам азамат өзін банкрот деп жариялап, ол бойынша 22 млрд теңге кешірілді.04:44
Өзін соттан тыс банкрот деп танығысы келетін азаматтардың өтініші мына шарттар негізінде қаралады. Яғни, берешек сомаңыз 1600 АЕК аспауы, ортақ меншікті қоса алғанда мүліктің болмауы және несиеңіз 12 айдан бері төленбеген болуы қажет. Бұдан да басқа талапқа сай келмейтін 71 мың адамды банкрот деп танудан бас тартылған.
Айнара Рахметова, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысының орынбасары:
Әртүрлі себептермен. Мүлкінің болуы, реттеу құжатының сәйкес келмеуіне және сомасының, мерзімінің сәйкес келмеуіне байланысты. Банкрот деп танылған азаматтардың өз салдары бар екенін айтып өткен жөн. 5 жылдың ішінде қайтадан несие ала алмайды. 7 жылдың ішінде банкрот деген рәсімін қолдана алмайды. Және 3 жылдың ішінде қаржы мониторингі жүргізіледі бұл азаматтар бойынша.
Сонымен қатар, 5 мың адамның өтініші әлі қаралып жатыр. Бұдан былай соттан тыс банкроттық және төлем қабілетін қалпына келтіру жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілмек. Қазір құжат парламент қарауында.
Әйгерім Ердәулет