Басты Жаңалықтар Вашингтонда өтетін C5+1 саммитінде қандай мәселелер талқыланады?

Вашингтонда өтетін C5+1 саммитінде қандай мәселелер талқыланады?

Сонымен АҚШ президенті бірінші рет Ақ үйде Орта Азия елдерінің басшыларын қабылдамақ. Жоғары деңгейдегі шарада қандай мәселелер талқыға түспек?

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Вашингтонда АҚШ пен Орта Азия елдері басшыларының саммиті көпжақты диалог алаңы құрылған он жыл ішінде тұңғыш рет өткелі тұр. Оның үстіне C5+1 форматындағы жиынға Ақ үй басшысы Дональд Трамп алғаш рет қатысады.  Жалпы, бұл президенттер деңгейіндегі екінші кездесу болмақ. Бұған дейін екі жыл бұрын Джо Байден Нью-Йоркта саммит өткізген еді. Сарапшылардың айтуынша, бұл жолғы шара АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды оқиға болмақ.

Эрик Руденшиолд, Caspian Policy Center орталығының аға ғылыми қызметкері:

Менің ойымша, Вашингтондағы C5+1 саммиті АҚШ үшін де өте маңызды. Президент Трамп өзінің алғашқы мерзімінде Орталық Азияға үлкен қызығушылық танытқан, және сол әкімшілік кезінде аймаққа бағытталған батыл стратегияны іске қосқан. Қазір ол осы екінші мерзімінде сол стратегияны жалғастырып, Орталық Азияның картаның қай жерінде екенін ғана емес, оның стратегиялық маңызын да жақсы түсінетінін көрсетіп отыр.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Күн тәртібінде энергетикалық қауіпсіздік, аймақтық тұрақтылық, маңызды сирек минералдарды бірлесіп игеру және экономикалық ынтымақтастық мәселелері қарастырылады. АҚШ бұл саммит арқылы Орталық Азиядағы стратегиялық мүдделерін күшейтуді көздесе, Орталық Азия елдері үшін бұл өздерінің экономикалық дамуын жеделдетуге және сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағытты нығайтуға мүмкіндік бермек.

Ариэль Коен, Atlantic Council сарапшысы:

Ұзақ мерзімді перспективада АҚШ сирек металдарға арналған сенімді жабдықтау тізбегін құруы керек. Осы тұрғыда Қазақстанның рөлі өте жоғары. Жер қойнауында Менделеевтің бүкіл элементтер кестесі бар. Бұл ел үшін тек мұнай мен уран экспорттайтын держава болып қана қоймай, сонымен бірге сирек кездесетін жер элементтерін экспорттайтын әлемдік жетекші мемлекетке айналуға үлкен мүмкіндік береді. Ал қауіпсіздік мәселесіне келсек, ол да Ақ үйде өтетін C5+1 саммитінің күн тәртібінде сөзсіз қаралады, өйткені қазіргі уақытта әлемнің әр түкпірінде тұрақсыздық белең алып келеді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Сондай ақ, саммит аясында Қазақстан мен АҚШ президенттерінің екіжақты кездесуі жоспарланып отыр. Әрі ірі бизнес-форум өтеді, оған қатысу үшін Қазақстаннан бірнеше министр бастаған үлкен делегация келді. Бұл форум екі елдің іскер топтары арасында жаңа келісімдерге жол ашып, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бермек.


 


 


 



Бөлісу