Түркістан облысында мектеп былтырдан бері тіркеуге алынбаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында мектеп былтырдан бері тіркеуге алынбаған

16.04.2024

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Бағыс ауылының оқушылары ғимараты болғанымен ешбір жерде тіркеуде жоқ мектепте білім алып жүр. Өйткені былтыр қыркүйекте ашылған оқу ордасының әлі күнге бірде-бір тіркеу құжаты жоқ, ешбір мекеменің меншігіне де алынбаған.  

Мектеп жаңа ғимаратқа қоныс аударғанда алақайлап қуанған еден жуушылар енді бармағын тістеп жүр. Жеті мың шаршы метр білім ордасын бар болғаны үш қана қызметкер жуып, тазалайды. Яғни әрқайсысы 5 есе артық жүктемемен жұмыс істеуге мәжбүр. Ол аздай сыпырғы, шүберек пен химиялық тазарту заттарын өздері сатып алады.

Мұхаббат Ахметова, еден жуушы:

Басшылар да, келген комиссия да бізден тазалықты талап етеді. Үш еден жуушы жуып-тазалауға үлгермейміз. Бірақ алатын айлығымыз жасаған жұмысымызға сай емес. 85 мың болады деген. Қазір 80 мың теңге айлық аламын.  

Еңбек нормативі бойынша жаңа мектептегі кіші техникалық қызметкердің саны 14 болуы керек. Бірақ штат ашу мүмкін болмай отыр. Өйткені мектеп әлі аудандық білім бөлімінің меншігіне өтпеген. Жерге орналастыру құжаты да, тұрған орнының мемлекеттік актісі де жоқ. Соған қарамастан кейбір мемлекеттік мекемелер есепте жоқ мектепті қайта-қайта тексеріп, айналшықтап жүр. 

Әбидолла Құсайынов, Мектеп директорының шаруашылық ісі бойынша орынбасары:

Өткенде СЭС мамандары келіп, 830 мың теңге айыппұл салып кетті. Енді сол 830 теңгені біз өзіміз төлей алмаймыз. Оны аудандық білім бөлімі төлеу керек. Олар балансқа өткен жоқ, біз оны толық қабылдаған жоқпыз дейді. Сонда ауада тұрған мектепке айыппұл салуға мүмкіндік тапқан оларды да түсінбейміз. 

Мектепті салуға тапсырыс берген құрылыс басқармасы. Аудандық білім бөлімі кадастрлық деректердің дұрыс болмауына байланысты ғимараттың техникалық құжаттарын рәсімдей алмай отырмыз дейді. 

Дәулет Ақатов, Сарыағаш ауданы білім бөілімінің басшысы:

Бірақ біз оған қарап тұрған жоқпыз. Кадастрлық құжаттарын реттеу бойынша осы апта жақсылап жұмыс жасап бітірсек, оқу жылының соңына дейін тиісті техникалық құжаттардың барлығын алып, мамандармен қамтамасыз етеміз деп ойламын. 

Бағыстағы жаңа мектепте 331 бала білім алады. Олар бір жағы апатты, екінші жағы аядай тар білім ұясынан осында былтыр көшіп өткен болатын.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу