Орал мен үш ауданның тұрғындарын тез арада көшіру керек – ТЖД - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал мен үш ауданның тұрғындарын тез арада көшіру керек – ТЖД

15.04.2024

Орынбор тұсындағы Жайық деңгейі 16 сантиметрге түсті. Тасқын су енді Батыс Қазақстанға қарай ойысып келеді. Өңірдегі Жайықтың деңгейі қазір 8 метрге жуықтады. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен жергілікті билік Орал маңындағы саяжай мен бірнеше аудан тұрғындарын тездетіп көшіру керек деп дабыл қағып отыр.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Жайық өзеніне Иректі су қоймасынан жіберіліп жатқан судың көлемі 447 текше метрге дейін азайды. Тиісінше, Орынбор тұсындағы тасқынның шарықтау шегі өтіп, нөпір су Батыс Қазақстанға қарай ойысты. Қазір өңірде тасқынға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. 6000-ға жуық әкімдік қызметкер, волонтерлер мен тұрғындар оның ішінде жасы бар, керісі бар барлығы бірдей бел жазбай бөгет тұрғызып жатыр.

Бөгет салуға адамдардан бөлек қазір Алматы қаласы, Қызылорда, Ақтөбе және Қостанай облыстарынан жіберілген 200-ден астам техника қолқабыс етуде. Олардың басым бөлігі Жайық жағасында орналасқан 4 аудандағы 84 елдімекенде жұмыс істеп жатыр. Мамандар алдағы күндері БҚО тұсындағы Жайықтың деңгейі 10 метрден асып кетеді деп топшылап отыр. Сондықтан қауіпті ауылдар мен қала маңындағы саяжай тұрғындарын эвакуациялау жұмыстары жеделдетілді. Бірақ, көшуден бас тартып отырғандар бар.

Нұржан Төлеуіш, БҚО ТЖД ақпараттық-сараптамалық тобының аға инженері:

Кеше 20 отбасы көшуден бас тартты. Өздеріңіз мүмкіншілік болса көшкен жөн. Болмай жатса, қауырт желіге хабарласыңыздар. Барамыз, көмектесеміз, шығарамыз.Эвакуациялық пункттерге апарамыз.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қауіпті учаскелерден өз еркімен көшпегендер мәжбүрлі түрде эвакуациялануы мүмкін. Жергілікті билік тұрғындарға үйі мен мал мүлкіне алаңдамауын сұрайды. Өтемақы беріледі. Бүгін шығынды есептеу бойынша арнайы комиссияның отырысы өтеді. Ол туралы алдағы шығарылымда тарқатып айтамыз.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу