Атырауда 100 шақырымнан астам бөгет салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда 100 шақырымнан астам бөгет салынды

14.04.2024

Атырауға 1000-нан аса әскери қызметші барды. Олар қай аудандарға жіберіледі? Меншікті тілші Нұрсұлтан Нұрсейіттен сұрайық.

Атырауда жаға бекіту жұмыстары қалай жүріп жатыр? Жалпы, жағдай қалай?

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Атырауда жаға бекіту жұмыстары күні-түні жалғасып жатыр. Көмекке Маңғыстау, Шымкент және Тараздан 1000-нан астам сарбаз келді. Олар Индер, Махамбет және қала іргесіндегі Жаңаталап секілді қауіп басым аумақтарда жаға бекіту жұмыстарына қолғабыс етуде. Бастапқыда картографиялық деректер бойынша жоспарланған бөгет салу жұмыстары аяқталып қалды. Атырау қаласының маңында орналасқан, Жайық өзені мен Каспий теңізі арасындағы маңызды артерия - Соколок каналын тереңдету және кеңейту жұмысы қарқынды жүргізілуде. Оның ұзындығы - 24 шақырым. Арна кеңейтіліп, қалған топырақ бөгеттерді нығайтуға қолданылады.


Қазір 12 шақырымының жұмысы аяқталды. Тек шаһардың өзінде 1 мыңға жуық арнайы техника, түрлі мекменің 3 мыңнан астам қызметкері және 3,5 мыңнан астам ерікті жұмылдырылған. Қалаға іргелес ауылдық округтермен бірге 107 учаскеге бөлініп, әрқайсысына жауапты адам бекітілген. Ал Құлсарыда жағдай тұрақталып келеді. Жем өзенінің деңгейі едәуір түсті. Құлсары қаласының іргесіндегі Ақкиізтоғай ауылында гидропункттегі су деңгейі 85 смге төмендеген. Қазір су сору жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 51 бірлік техника 461 рейс жасап, 11 мыңнан астам текше метр су шығарған. Тасқын кезінде есіктерін тарс жапқан сауда орындары да кері ашылып, тұрғындарға қызмет етуде. Сонымен қатар қоғамдық автобустар да қайта жүре бастады. Су шайып кеткен Атырау-Құлсары тас жолын қалпына келтіру жұмыстары кеше басталған еді, оны жауаптылар бүгін ашу жоспарланғанын айтты. Ол жерге арнайы су өткізгіш 12 құбыр салынып, 45 адам мен 30 шақты техника жұмыстарды бітіруге жанталасып жатыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу