Атырау облысында 100 шақырымнан астам бөгет салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында 100 шақырымнан астам бөгет салынды

14.04.2024

Атырау облысында жаға бекіту жұмыстары аяқталуға жақын. Жоспарланған 105 шақырым бөгет салынды. Қазір аймақтағы жағдайды баяндау үшін тікелей байланысқа әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт шықты. Нұрсұлтан, жағаны бекіту жұмысының қарқыны қалай?

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Атырауда жаға бекіту жұмыстары күні-түні жалғасып жатыр. Бастапқыда картографиялық деректер бойынша жоспарланған бөгет салу жұмыстары аяқталып қалды. Атырау қаласының маңында орналасқан, Жайық өзені мен Каспий теңізі арасындағы маңызды артерия - Соколок каналын тереңдету және кеңейту жұмысы қарқынды жүргізілуде. Оның ұзындығы - 24 шақырым. Арна кеңейтіліп, қалған топырақ бөгеттерді нығайтуға қолданылады. Қазір 12 шақырымының жұмысы аяқталды. Тек шаһардың өзінде 1 мыңға жуық арнайы техника, түрлі мекменің 3 мыңнан астам қызметкері және 3,5 мыңнан астам ерікті жұмылдырылған. Қалаға іргелес ауылдық округтерімен бірге 107 учаскеге бөлініп, әрқайсысына жауапты адам бекітілген. Сонымен қатар көмекке Маңғыстау, Шымкент және Тараздан 1000-нан астам сарбаз келді. Олар Индер, Махамбет және қала іргесіндегі Жаңаталап секілді қауіп басым аумақтарда жаға бекіту жұмыстарына қолғабыс етуде. Ал Құлсарыда жағдай тұрақталып келеді. Қазір онда су сору жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін 250 мың текше метрдей су шығарылған.

6 сәуірде әкесі мен баласы су басқан үйін қарау үшін кетіп, жоғалғанын хабарлаған едік. Жаңа ғана түскен ақпарат бойынша, 1976 туған азаматтың денесі табылды. Ол осы жоғалып кеткен адамдардың біреуі, яғни әкесі екенін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі растап отыр. Ал 24 жастағы азаматты іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу