Солтүстік Қазақстан облысында бір тәулікте мыңнан астам үйге су кірді. Әсіресе Петропавл қаласында жағдай күрделі. Өңірдегі әріптесім Эльмира Кәленова қауіпті аймақтан тікелей байланысқа шығып тұр. Эльмира, қалаға келген суды бөгеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Эльмира Кәленова, тілші:
Былғары Зауыты шағын ауданы мен Заречный кентін тұтас су басты. Біз Ойқала ауданының шетінде тұрмыз. Өздеріңіз байқағандай су өте терең. Бұл жерде небәрі жарты сағат ішінде үйлердің 80 пайызына су кірді. Кеше кешкісін тұрғындардың бірі эвакуациядан бас тартып, үйінде қалған. Қазір оны полиция іздестіріп жатыр. Кешеден бері 3700-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Тұрғындар мектептердегі эвакуациялық пункттерде тұрып жатыр. Жауапты органдар резервтік орындар барын жеткізді. Қалада жалға берілетін пәтер тапшы. Сұраныс артқандықтан, бағасы шарықтап кеткен. Шаһардың басым бөлігінде үш күннен бері ауызсу жоқ. Астана-Петропавл тас жолының қалаға кіреберісін де су басып қалды. Жеңіл көліктер үшін қозғалыс шектелді. Петропавлдан Қостанай қаласына шығатын жолды да су басқан. Сергеев су қоймасы 158 пайызға толып тұр. Демек, қалаға су әлі де келеді, - дейді төтенше жағдай мамандары. Олардың айтуынша, тасқын бірер күнде шарықтау шегіне жетеді.
Эльмира Кәленова