Оралда жануарлар эвакуацияланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда жануарлар эвакуацияланып жатыр

13.04.2024

Жануарлар эвакуацияланып жатыр. Шаған өзені тасып, облыстық экологиялық-биологиялық орталыққа қауіп төнді. Қазір хайуанттар бағының жарты аумағын су басты. Жағдайды сол маңнан тікелей байланысқа шыққан тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес баяндайды. Нұрсұлтан, жануарлар қайда жіберіліп жатыр? 60 жылдан астам тарихы бар орталықтың ендігі тағдыры не болады?

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Бұған дейін Шаған өзенінің су деңгейі көтеріліп жатқанын айтқан едік. Енді, міне соның салдарын көріп отырмыз. Оралдағы облыстық экологиялық-биологиялық орталығын су басты. Қазір бұл зообақтың жарты аумағы суға кетті. Орталық қызметкерлері кешелі-бері жануарларды қауіпсіз аймаққа көшіріп жатыр. Қазір менің жанымда орталық директорының орынбасары Гүлжайна Нұрәлиева тұр. Гүлжайна ханым, айтыңызшы жануарларды қайда көшіріп жатырсыздар? Оларға кім бас-көз болады? Зообақты толықтай су алу қаупі бар ма?

Орталықта 90 түрлі, 250-ден астам жануар болған. Жалпы жануарларды эвакуациялау оңай жұмыс емес. Оларды қауіпсіз аймаққа көшіру үшін алдымен жағдай жасап, арнайы көліктермен жеткізу керек. Сондықтан қалған санаулы жануарды алып кетуге бірнеше күн керек. Шаған өзеніндегі су деңгейінің күн сайын көтеріліп келе жатқанын ескерсек, орталық қызметкерлерлері үлгермей қалуы да мүмкін. Қазір Ұлттық Ұланның 70-ке жуық сарбазы зообақ айналасын құм толтырылған қаптармен қоршап жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу