Тасқыннан зардап шеккен бірде-бір адам көмексіз қалмайды - Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасқыннан зардап шеккен бірде-бір адам көмексіз қалмайды - Президент

06.04.2024

Тасқыннан зардап шеккен бірде бір адам көмексіз қалмайды. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар аймағындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жариялады.

Көктемгі қарғын су біраз аймақты әбігерге салды. Мыңдаған тұрғын үйлерін тастап, эвакуацияланды. Ондаған ауылды су басты. Президент бұны табиғи апат деп бағалап, бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады деп айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында. Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім.

Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Қазір жан-жақты жұмыстар қолға алынып жатыр. Мемлекет басшысы бұл жұмыстардың барлығы да тікелей өз бақылауында екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда.Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда.

Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылған. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр деді Президент. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі.

Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Қасым-Жомарт Тоқаев жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз керектігін айтты. Ал ондай сабақтар аз емес деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет.Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет.

Президент тапсырмасымен жағдай күрделі аймақтарға вице-премьерлер барып, өздері іс басында қарғын сумен күрес жұмысын қадағалайды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жұртты дүрбелеңге салатын ақпарат таратпауға шақырды. Тек ресми, расталған мәліметке назар аудару керектігін еске салды. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тасқынмен күресте күн-түн демей қызмет қылып жүрген құтқарушылары мен еріктілер және полицейлерге алғыс айтты. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды екенін де айтты.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу