Мемлекет басшысы ресми сапарымен Өзбекстанға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы ресми сапарымен Өзбекстанға барды

05.04.2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға барды. Мемлекет басшысын Үргеніш қаласының әуежайында Президент Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Сапар аясында, екі ел басшылары бейресми кездесу өткізіп, Хиуа қаласындағы кәсіпорындар мен мәдени нысандарды бірге аралап көрді.

Меймандос өзбек халқы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты сән-салтанатымен күтіп алып, зор қошемет көрсетті.

Екі ел Президенті «Hiva Gilamlari» кілем тоқу фабрикасын аралап көрді

Алдымен екі ел басшысы «HIVA GILAMLARI» кілем тоқу фабрикасын аралап көрді. Мұнда жылына 4,2 миллион шаршы метр кілем тоқитын төрт цех жұмыс істейді. Бұдан кейін Президенттер Өзбекстан өнеркәсіп тауарларының көрмесін тамашалады. Павильондарда арнаулы техника, электр техникалық жабдықтар үлгілері, бау-бақша шаруашылығының селекциялық жетістіктері, тоқыма, химия, тамақ, фармацевтика өнеркәсібі өнімдері, жібек, тері және зергерлік бұйымдар көрмеге қойылған.

Арал теңізінің табанына сексеуіл егіп, аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту керек. Президенттің Хиуа қаласына жұмыс сапары барысында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен осы мәселеге бірлескен күш-жігер жұмсау қажет екеніне назар аударды.

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері бейресми кездесу өткізді

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері бейресми кездесу өткізді. Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі ел үкіметтері қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісімен белсенді айналысып жатыр. Тиісті «жол карталары» жоспарлы түрде орындалып, қол қойылған келісімдер мен сауда келісімшарттары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мемлекеттер басшылары мәдени нысандарды аралап көрді

Мемлекет басшысы Өзбекстанға жұмыс сапары барысында Президент Шавкат Мирзиёевпен бірге ежелгі Хиуа шаһарының тарихи орталығындағы «Ишан-қала» қалашығына барды. Мемлекеттер басшыларының қалашыққа экскурсиясы «Ата дарбаза» қақпасынан басталды. Мәртебелі мейманның құрметіне орай өзбек халқының ән-күйі шырқалып, театрландырылған көрініс қойылды. Одан әрі Президенттер бірнеше кешенді аралап көрді. Сондай-ақ, Хиуаның ортағасырлық шайыры, ағартушы, сопы әрі ойшыл Палуан Махмұд кесенесіне зиярат жасап, оның рухына Құран бағыштады.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу